Жаңа жобалар жүзеге асады
Алматылық «Райымбек» холдингтік компаниясы Қостанайда сүт өңдеу зауытын салып бермек. Бұл туралы бүгін өткен аппарат мәжілісінде облыс әкімі Нұралы Садуақасов мәлімдеді. Оның айтуынша, инвесторлар астықты өңірде мал өнімдерін өңдейтін зауыт салуға ниетті.
-Біздің облыстың аумағында күніне 200 тонна сүт өңдейтін зауыт салынады. Жобаның құны 2 млрд.теңге. Кәсіпорын іске қосылғанда оған өңірдегі ірі-ірі сүт фермалары шикізат жеткізіп тұратын болады. Жалпы, облыста соңғы төрт жылда осындай 10 өндіріс іске қосылды,-деп атап өтті аймақ басшысы.
Жалғыз бұл ғана емес, шетелдік компаниялар басқа да салаларды өркендетуге қызығушылық танытып отыр. Әзірге облыс басшылығы мен шетелдік инвесторлар арасындағы келіссөздер оң шешімін тапқан. Мәселен, түрік компаниясы қаладағы «Park Residence» тұрғын-үй кешенің бітпей қалған үшінші үйін салып беруге келіскен. Ал қытайлықтар Тобыл өңіріндегі көлікқұрастыру саласына қаржы құюды көздейді.
Айбек Кәдірұлы