Бастаманы бірауыздан қолдаймын
Қостанай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Қазақстан – дүниежүзі халықтарымен терезесі тең, тәуелсіз мемлекет. Біздің Отанымызда дос сүйсінер, дұшпан күйінер бейбітшілік дейтін баға жетпес байлығымыз бар. 130-дан астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында бірге өмір сүруде. Ел ішін-дегі ауызбіршілік әрбір этностың туған тіліне, төл тарихына, ежелгі мәдениеті мен әдебиетіне деген құрметтің, түсіністіктің арқасында салтанат құруда.
Қазір жер бетін дағдарыс жайлауда. Көптеген елдердің берекесі кетіп, халқы тыныштығынан айырылуда. Соның бәрін газет-журналдардан оқып, телеарналардан көріп, хабардар болып отырмыз. Өзге шетелдермен салыстырғанда біздегі жағдай тұрақты. Бұл дегеніміз егемен еліміздің бетке алған бағыты дұрыс дегенді білдірсе керек.
Мемлекетіміздің жан-жақты дамып, өзінің халықаралық беделін нығайта түсуі Елбасы саясатының жемісі деп білемін. Өткен күндерге зер салып көрсеңіз, Қазақстан қаншама қиын кезеңдерді бастан кешті. Сол кезеңдері мемлекеттік бағдарламалардың арқасында тұралаған тұрмыс түзеліп, экономика серпін алды. Біздің еліміздің ендігі межесі әлемнің дамыған елу елінің алдына шығып, отыздықтың қатарына қосылу болып отыр. Олай болса, Ұлт Көшбасшысының алға қойған міндеттері жүзеге аса берсін демекпін.
Естеріңізде болса, жаңа жыл қарсаңында Елбасының Жарлығымен еліміздегі барлық ардагерлерге құттықтау хаттары мен сый-сияпат табысталды. Осынау өнегелі іс "Үлкенге құрмет, кішіге ізет" деген ата-бабамыздың тәмсіліне дем беріп тұрғандай. Мемлекет басшысы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін назарынан тыс қалдырмай, қамқорлық жасап келеді. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қолдайтынымды жеткізгім келеді. Бұл бастаманы бір ауыздан қолдаймын. Сайлауды кейінге қалдырмай биыл өткізіп, Елбасымыз халықтың сенімін арқалап жұмысын одан әрі жалғастыра берсін демекпін.