Бағасы арзан, шарты жеңіл
Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беріле бастады. Айлық табысы бар кез келген азамат бағасы 10 миллион теңгеден аспайтын көлікті 4% жылдық үстемемен, алғашқы жарнасыз-ақ сатып ала алады. Бірақ несие жеті жылға ғана есептеледі.

Автонесие алушыға қойылатын алғашқы талаптардың бірі – жасы 21-ден асуы тиіс. Сонымен қатар, несие тарихы, айлық кірісі де міндетті түрде қаралады.

Бұл жаңалықты көпшілік асыға күткенге ұқсайды. Автосалондарда көлік таңдап, құжат әзірлеп, менеджерлерден ақыл-кеңес сұрап жүрген жандардың қарасы қалың. Ұзын-сонар кезекте бала-шағасымен тұрғандар да бар. Қостанай қаласының тұрғыны Айбек Ахметжанов көлік таңдауға отбасымен келген. Көп балалы отағасы JAC көлігінен үмітті.

Қостанайлықтардың көбі Chevrolet көлігін таңдап жатқанын байқадық. Себебі – басқалардан арзанырақ. Бағасы 5 млн 990 мың теңгеден басталады.


«Досым екеуміз келдік. Ол механикалы беріліс қорабы барын, ал мен автоматты түрін қаладым. Банктен көлік алуға болады деген жауап алдым. Ай сайынғы төлемі 87 мың теңгеден шығып тұр. Алғашқы жарнасыз. Бұйырса, жеті жылда төлеп бітіреміз», – дейді Қостанай ауданының тұрғыны Жанат Мінайдар.

«Автосалондарда көліктер бар. Өткен жылы біздің екі өндіруші – Hyundai Trans Kazakhstan және «СарыарқаАвтоПром» шамамен 90 мың көлік шығарды. Жалпы, жеңілдетілген автонесиелендіру аясында көлік жеткілікті болады», – деді Анар Мақашева.
Маман биылғы болжам бойынша автомобиль өндірісі 20% өсуі тиіс екенін де айтып өтті.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.