АҚПАРАТ АҒЫМЫНА ТОСҚАУЫЛ
Телефонмен тараған тыйым
Наурыздың 24-нен бастап, барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне қымбат ұялы байланыс құралдарын ұстауға тыйым салынды. Нақты айтқанда, ғаламторға шығу мүмкіндігі бар, сурет және бейнетаспаға түсіруге қабілетті қалта телефондары, планшет сияқты өзге де гаджеттерді мемлекеттік мекемелерге алып кіруге тосқауыл қойылды. Шектеу – мемлекеттік маңызды және ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты құпия ақпараттардың ғаламтор арқылы таралуын тоқтату мақсатында қолға алынған. Бір қызығы, қалта телефондарын шектеуге қатысты құжаттың өзі танымал «WhatsApp» мессенжері арқылы таралып кеткен еді…
Көпшіліктің қолына тиген құжат көшірмесінің анық-қанығын тексеруге кіріскен тілшілер қауымы ақпарат ағымының қаншалықты күш алғанына тағы бір мәрте көз жеткізді. Бұған дейін бірқатар министрліктер мен ішкі істер органдарындағы құжаттардан бастап, Елбасымыздың қызметтік хаттарының көшірмелерін, лауазымды тұлғалардың жүріс-тұрысын ғаламтордан жиі ұшырастырғанымыз жасырын емес. Тек, кісі қолынан қаза тапқан астаналық студентке қатысты әлеуметтік желілер арқылы тез тарап кеткен хабар, бейне материалдар ақпарат ағымына тосқауыл қоюға нақты себеп бола алды. Расымен де, тергеу материалдарының әлеуметтік желілер арқылы лезде таралуы – қызметтік тексеріске айтарлықтай нұсқан келтірді. Әсіресе, қоғамдық пікірді өзгертіп, тергеудің дұрыс жүргізілуіне кесірін тигізері жасырын емес.
Пернелі телефонның беделі артты
Міне, осы тектес уәж келтірген билік өкілдері ұялы байланыс құралдарының зиянды екенін айтып, түсіндіруге кірісті. Түсіндіріп қана қоймай, мемлекеттік мекемелердің кіре берісіне арнайы жәшіктер орнатып, келушілердің көп функциялы гаджеттерін ішке кіргізбеуін қадағалауды қолға алды. Бюджетті ұйымдардың қызметкерлері смартфондарын тастап, қоңырау қабылдап, хат жіберуге ғана қауқарлы телефондарға көшті. Осыдан да болар, бір кездері құны 4 мың теңгеден аспаған пернелі қалта телефондарының бағасы бір сәтте 10-12 мыңға дейін шарықтап шыға келді. Саудагерлер болса, тауар бағасының жаңа талаптан емес, жасыл ақшаның қымбаттауынан көтерілгенін айтып ақталуда.
Телефон – күнде алып, жей беретін нан емес. Бағасының да бұйдасын үзіп тұрғаны шамалы. (200-250 мың теңгенің «iPhone-на» көз сүзіп жүргендердің 10-12 мыңын пернелі телефонға жұмсағаннан мұрты қисаймасы анық). Ендеше, мемлекеттік мекеме мамандарының қажетті қалта телефондарымен бүгін-ертең қамтылары сөзсіз. Мәселе, бұған тіреліп тұрған жоқ. Көп функциялы гаджеттерді пайдалану қажет пе, жоқ па? Мәселе осында.
Шектеудің тиімділігі неде?
ҚР Үкіметі премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева «гаджеттерге» қатысты өз ойын ортаға салды. Лауазымды тұлғаның айтуынша, мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларынан бастап, қатардағы қызметкерлеріне дейін қымбат телефондарын тастап, қарапайым құралға көшуі қажет. «Бұйрық – мемлекеттік құпия және ұлттық қауіпсіздігімізге қатысты ақпараттармен жұмыс істейтін мемлекеттік аппарат, қызметкерлердің барлығына да қатысты. Тек, тілшілерге ғана көп функциялы қалта телефондарын қолдануға рұқсат етіледі. Еліміздің «БАҚ туралы» заңына сәйкес, ақпарат құралдары өкілдеріне мұндай шектеу қоя алмаймыз. Тәртіпке бағынбағандар қолданыстағы заңға сәйкес жазаға тартылатын болады» – деді, Дариға Нұрсұлтанқызы.
Мемлекеттік қауіпсіздік, қорғаныс саласы мамандарының уәжіне құлақ асар болсақ, шектеу – орынды қолға алынған. Әсіресе, әлемді жайлаған ақпараттық майданда ұлттық қауіпсіздігімізді, мемлекеттік құпиямызды жаһанға жария қылмау ерекше маңызды. Қазіргі таңда, әлемдік державалар да осы пікірді ұстанған. Мәселен, Қытай мемлекеті өз әскери қызметкерлеріне заманауи смартфондарды ұстауға шектеу қоймақ ниетте. «GPS» навигациялық жүйесі, бейнекамера мен мәліметтерді сымсыз жолдау құрылғылары әскери қызметкерлердің қауіпсіздігіне нұсқан келтіруі мүмкін. Мұның үстіне, әскерилердің жаттығу полигондары мен жатын казармалары, әскери құрылғыларды суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялауы қорғаныс саласының әлсіз тұстарын әшкерелеуі ықтимал. Сондай-ақ, әскери құпия күштердің орналасқан жерлерін жариялау қаупі артады. Осындай уәж келтірген билік өкілдері, әскерилердің смартфондарын қарапайым қалта телефонына ауыстырған. Ал, ғаламторға ерекше тәуелді сарбаздардың көңілін жықпас үшін, шектеулі интернетпен қамтылған, GPS навигациясы, bluetooth қосылмаған құрылғылар таратылып беріліпті.
Дәл осындай шектеудің Ресейде де қолданылып жатқанын айта кеткен жөн. Тек, көршімізде «iPhone» ғана ұстауға болмайды. Ресейліктердің айтуына қарағанда, аталған қалта телефоны тұтынушылардың мәліметтерін тұтасымен көшіріп алады. Мұнда да, ұлттық қауіпсіздік мәселесі – шектеуге арқау болған.
Тәрбиеде телефонға орын жоқ
Бала тәрбиесінде де ақпарат тарату құралдарының пайдасынан зияны басым. Әлемдік ғалымдардың зерттеулеріне жүгінер болсақ, телефонға сеніп кеткен адамның зейіні мен есте сақтау қабілеті төмендейді. Білім ошақтарындағы тәрбиенің төмендігін осыдан көрген Греция мемлекеті оқу ордаларында ұялы байланыс құралдарын ұстауға тиым салған. Қатаң қадағалауға алынған құрылғыларды қолданған оқушылар білім ошақтарынан қуылады. Әуестенген ұстаздар да тәртіптік кеңеске салынып, жалақысы қысқартылуы тиіс.
Ғаламторды түртіп қалсаңыз, ұстаздардың шәкірттеріне қол жұмсауы, жастардың аға буын өкілдерін балағаттауын жиі ұшырастыруға болады. Айтулы мемлекеттің білім ошақтарында телефон ұстауға тиым салуы осындай келеңсіздіктердің таралуына тосқауыл болмақ.Лондон экономика мектебі ғалымдарының зерттеуіне жүгінер болсақ, ұялы байланыс құралдары тиым салынған оқу ордаларындағы білім деңгейі өзгелерге қарағанда анағұрлым жоғары. Ұлыбританиядағы телефон ұстауға тиым салынған мектеп оқушылары жалпыпәндік тест тапсыруда білім деңгейлерінің өзгелерден 6,4% артықтығын дәлелдеген. Зерттеу нәтижелеріне сүйенген ғалымдар мектептерде байланыс құралдарын шектеу қажеттілігін алға тартуда. Жалпы, Ұлыбританиядағы оқушылардың 90 пайызы телефон ұстайды. Білім саласына ерекше мән берген АҚШ телефонға тәуелді оқушылардың санын 75 пайызға қысқарта алған. Бізде де, оқу ордаларында телефон ұстауға рұқсат етілмейді. Бірақ, мұғалімдердің оқушыларын сабап, балалардың ұстаздарының басына мінгенін күнде көріп жүрміз. Жаман әдет тез жұғады дегендей, мұны көргендер өздерінің ұстаздарының ерсі қылықтарын тығылып болса да, таспаға басуға тырысып жатады. Білім ошақтарындағы телефон тосқауылы осындай олқылықтарға жол бермес еді.
Әрине, кімге болса да байланыс қажет-ақ. Заманымыз қарышты дамып жатқанда, телефонсыз жүрудің өзі ыңғайсыздау. Дей тұрғанмен, мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары, білім ошақтары іспетті маңызды нысандарда шектеу қойылса артықтық етпейді. Ақпарат алмасудың да шегі барын ұмытпағанымыз жөн.
Жұматай Кәкімжанов
"Жалпы, Ұлыбританиядағы оқушылардың 90 пайызы телефон ұстайды. Білім саласына ерекше мән берген АҚШ телефонға тәуелді оқушылардың санын 75 пайызға қысқарта алған. Бізде де, оқу ордаларында телефон ұстауға рұқсат етілмейді." осы маңға бір аялдап мынаны айтар ем: егер ең мықты білім Ұлыбритания дейміз, ал телефонын қысқартқан АҚШ-тың білімі де сол шамалас. Негізі, бәрі адамның өзіне, санасына байланысты шы,ғар. Жақсы, қымбат телефондар оқуда көмектесіп қалуы бек мүмкін.