Кір жуу қызметі ашылды
Рудный қаласындағы Мүгедектердің ерікті қоғамы әлеуметтік мекемелерге кір жуу қызметін көрсетуді жоспарлап отыр. Ол үшін арнайы жабдықталған орын мен жұмыскерлер сақадай сай дайын. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында қаланың "Бақытты әйелдер лигасы" әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесін ұйымдастырған. Онда кір жуу қызметін іске қосуды ұсынған мүгедектер қоғамы жеңімпаз деп танылып, 150 мың теңгені иеленді. Әрине, бұл қаражат ойдағы идеяны толыққанды жүзеге асыруға жеткіліксіз еді. Сол себепті бірлестік жетекшісі Санаш Есжанов басқа да мүмкіндіктерді қарастырып, ақыр соңында қажетті қаражат тапты. Ерікті мүгедектер қоғамы «Әлеуметтік кәсіпкерлік» бағытындағы үшбу жобасымен ҚР Тұңғыш Президенті қорының 3 млн теңгелік грантына қол жеткізді. Бұл қаражат кір жуу және кептіру техникаларын, үтіктеу жабдығын, басқа қажетті ұсақ-түйекті сатып алуға және бөлмені жөндеуге жұмсалды. «2019 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қаулысына өзгерістер енгізілді. Енді кір жуу қызметімен айналысатын мүгедектер қоғамы тауарлар мен қызметтерді сатып алу конкурсына қатысқанда жеңілдіктерге ие. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға қосымша ақша табуға мүмкіндік ашты. Жоба бойынша есту қабілеті нашар төрт адамды жұмыспен қамтимыз», – дейді Санаш Сағындықұлы. Рудный қаласы әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Серік Шайкеновтың айтуынша, бүгінде қала аумағында әртүрлі топтағы төрт мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың еңбекке жарамдысының басым бөлігі мемлекеттік мекеме-ұйымдар мен кәсіпорындарда нәпақасын тауып келеді. Айтпақшы, жаңадан ашылған кір жуу орталығына бүгіннің өзінде ынтымақтастық жөнінде бірнеше өтінімдер келіп түскен.
Қуаныш Есқабыл