Сандалмаған сауал

Заманның озғаны ма, жоқ әлде тозғаны ма кім білсін, қазір түсініксіз нәрселер көбейіп кетті ғой. Масқара, тіпті қазақ тілінің өзін түсінуден қалып бара жатырмыз.Көшелердегі "кісінеп тұрған" қазақша жарнамаларды оқып тұрып, "олардың" нені "мыңқылдап" тұрғанына ақылым  жетпей алжитын болдым. Осы Қостанайдан "ШАЙНАМА" деген "әулиені" көрдік. Онысы "Закусочная" екен. Бір газеттер балконды-қылтима, душты-шаптырма деп шатып жүр.
Енді мынаны қараңыз. Қостанайдан Затоболға қарай үлкен көпірден аса бергені-ңізде алдыңыздан "Алкоголь мен жол сыйыспайды" деп бір жарнама "айқайлап, ақыл айтып тұр". "Неге сыйыспайды?" деумен азғантай миым әбден әңкі-тәңкі болды.
Құрметті "Быды-быды!", әулием, данышпаным!  Құдай үшін, ақылымнан алжаспай тұрғанда құтқара көріңіз. Бұл екеуі неліктен сыйыспайды? Әлде бір-бірімен күндес пе?
        Құрметпен, Түкұқпас.
 
Құрметті Түкұқпас! Сіздің ақылыңызды тұқыртып,  алжуыңызға итермелеп тұрған жоғарыдағы жарнамадағы сөйлемді шамалауымша аударма ғылымдарының кандидаты не докторы аударған. Ал ондай "ғұламалардың" аударғанын "оқымаған" қарапайым қазақ бірден түсіне қойса, ондай аударманың қандай құны болады, аудармашыда қандай абырой-бедел болады?  Ал енді сол сөйлемді "Арақ ішіп, жолға шығуға болмайды", немесе "Жол үстінде арақ ішу қауіпті" деп аударса ғой, "е, солай ма еді" деп, қанша кеще болсаңыз да  бірден түсіне қоясыз. Бірақ аудармашы үшін оның несі қызық. Ол үшін "неге сыйыспайды?" деп миыңыздың мылжа-мылжа болып, алжыған адамдай өзіңізбен өзіңіз сөйлесіп, аузыңыздың қисаңдап жүргені қызық. Алда-жалда осы аудармадан миыңыз суға не буға айналып кететіндей жағдай туындаса, жынданбай тұрып аударма авторын тауып алып, сот-қа беріп, моральдық зардап үшін миллион доллар өндіріп алыңыз. Шын айтам, ондай "ғұламалардың" сыбағасын солай беріңіз.
  Құрметпен, "Быды-быды".
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓