Менің дауысым мемлекет болашағы үшін керек
Биылғы сайлау елдегі қиын жағдай кезіне тұспа-тұс келді. Өндіріс күші әлсіреді. Өткен жыл ауыр болса да, елді басқарып отырған азаматтар нақты шешімдер қабылдап, аса дайындықпен пандемияны еңсерді. Халықты үрейленбеуге шақырған қаншама үндеулер жасалды. Міне, соның арқасында бүгінгі сайлаудың өтуін де жоғары деңгейде ұйымдастырып беріп отыр. Ешқандай дабыра, айғай-сүреңсіз өтіп жатыр.
Өз басым елде өтетін барлық сайлауға қатысып келемін. Менің дауысым мемлекет болашағы үшін керек. Ал биылғы саяси дода Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жүйеде – саяси партиялардың тартысқа түсуімен ерекшеленіп отыр. Бұл да дұрыс. Себебі, саяси ұйымдар болған соң, оларға жүктелетін жауапкершілік те күшейеді. Әрбір партия қай кезде де халықпен тұрақты етене жұмыс істеуі керек.
Сарапшылардың, саясаткерлердің болжамы бойынша биыл да жағдай мәз болмайды. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында, басқа да үндеулерінде жұртты сабырға шақырып, нақты бағдарламалар ұсынып жатыр. Ал бүгінгі саяси науқанда жеңіп шығатын партиялар мен олардың өкілдерінен үлкен үміт күтеміз. Бұл саяси ұйымдар Президент, Үкімет, жергілікті билік пен халықтың тарапынан шешімін күттірген мәселелерге баса назар аударып, экономикамыздың тұрақталуына зор үлес қосады деген сенімдемін.
Кенжебек Укин,
мемлекет және қоғам қайраткері, Қостанай облысының құрметті азаматы.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков