Бастысы сенім мен үміт ақталсын

Бүгін таңғы сағат 7-ден бастап Мәжіліс пен мәслихат депутаттарына  дауыс беру үшін Науырзым ауданы бойынша 14 сайлау учаскелері өз жұмыстарын бастады.
 «Әрбір сайлаушы жеке өзі дауыс береді. Бюллетень алу үшін жеке куәлік болуы керек» деген қағиданы қатаң сақтаған дауыс берушілер таңғы жетіден сайлау уческелеріне келе бастады.
Дауыс беру сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелген әкімдіктер қалыптастырған сайлаушылардың тізімдері бойынша өткізілуде. Оған белсенді сайлау құқығы бар: 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында тұрмайтын Қазақстан азаматтары енгізіледі. Азаматтық борышын орындаймын деп таңдау жасауға бірінші келген сайлаушыларға әр сайлау учаске комиссиясы атынан кішігірім сыйлақтар табысталды.
Жұрттан бұрын келіп, дауыс берген Науырзым ауданының тұрғыны Шотбай Қайыржанов ақсақал. Ол кісі зейнеткер. Бүгін бірінші болып келіп, өз таңдауын жасады. Сол үшін арнайы сыйлыққа да ие болды. Шотбай ақсақал үнемі бірінші болып келіп, сайлауға қатысып, дауыс беруді өзіне дәстүрге айналдырған екен. Мұндай іске жауапкершілікпен қарайды. 
– Сайлау өткенде тіркелген учаскеге бірінші болып келетін әдетім бар. Бүгінгі күн өзіміз үшін де, еліміздің болашағы үшін де маңызы жоғары. Сондықтан әр адам келіп, өз таңдауын дұрыс жасауы керек деп ойлаймын, – дейді зейнеткер.  
Учаскелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ, қолды өңдеуге арналған антисептиктер, маскалар және қолғаптар қойылған стенд де әзір.
– Бүгін маңызды күн. Өзім Қостанай облысы «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі атынан келіп, бүгінгі сайлауда бақылаушы болып отырмын. Науырзым ауданы бойынша сайлау комиссиясының жұмысы таңғы сағат: 06:00-де басталды. Сағат тура алтыда кіріп, жұмысты бастап, көзімізше сейфтің ішінен бюллетендер алынды. Барлық санитарлық нормалар сақталып, адамдар дауыстарын беріп жатыр. Бәрін бақылап, қадағалап, білмегенге түсінідіріп отырмыз, – дейді бақылаушы Жантөре Мусин.
– Бүгін танихи күн. Бұл күннің қорытындылары еліміздің одан әрі дамуына, оның тағдырына шешуші ықпал етеді. Сондықтан дұрыс таңдау жасап, өз дауысымызды беруге арнайы келдім. Сайлауға түскен әр партияның өз бағдарламасы бар екені белгілі. Бастысы халықтың сенімі мен үміті ақталсын деймін, – дейді зейнеткер Роза Әбенова.
Естеріңізге сала кетейік, дауыс беру бүгін кешкі сағат 20.00-ге дейін жалғасады.
WhatsApp Image 2021-01-10 at 11.00.49 WhatsApp Image 2021-01-10 at 11.01.15 WhatsApp Image 2021-01-10 at 11.01.40

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓