Ыстық су сапасы тексерілді
Қостанайлықтардың баспасөз бен әлеуметтік желілерде ыстық су сапасына шағым айтуы нәтижесінде прокурорлық тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның қорытындысы коммуналдық қызметті жеткізуші – Қостанай жылу энергетикалық компаниясының («ҚЖЭК» МКК) көңілін жайландырмайды.
Қалалық прокуратураның хабарлауынша, облыс орталығының түрлі шағын аудандарында, сонымен қатар әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандардан сараптама үшін алынған сынамаларында лайлану деңгейі нормадан жоғары болған. Ыстық су тазалығының нормативтік көрсеткішінің бұзылуы 2-ден 9 есеге дейін жеткен. Қостанайлықтардың үйіне лай, тоттанған, лас-қоңыр түсті су жеткізіліп отыр. Қадағалау органының қызметкерлері бұған Қостанай жылу энергетикалық компаниясында сапаны жеткілікті бақылаудың жоқтығы себеп болып отырғанына сенімді.
«Таратушы желіде ыстық су сапасы зертханада бақыланбайды. Бақылау орындары тізімі тұтынушылар құқығын қорғау департаментімен келісілмеген. Сонымен қатар тұрғын үйлерге жеткізілетін судың микробиологиялық көрсеткіштері тексерілмейді», – деді Қостанай қалалық прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңның сақталуын бақылау бойынша бөлім басшысы Аслан Сыздықов.
Қостанай прокуратурасы Қостанай жылу энергетикалық компаниясының басшылығына заңды және нормативтік талаптарға сәйкес олқылықтарды жойып, жұмысты оң жолға қою талабымен ұсыныс жолдады.