“Телеком жұлдыздары” жарқырайды
Біле білсек кез келген салада еңбек ете отырып өнерді серік етуге болады. Адам бойындағы табиғи талант бәрібір жарқырап көрінері анық. Оны қолдаушы қашанда табылады. Бүгінгі шарадан осыған көз жеткізіп қайттық.
"Телеком жұлдыздары"! "Қазақтелеком" АҚ Қостанай облыстық телекоммуникация Дирекциясы ұйымдастырған қазақ әндері мерекесі осылай аталады. Аталған сайыстың іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен өнерлі байланысшылар Достық үйінде ән шырқап, облыстық байқауда бақ сынасты.
"Қазақтелекомның" жиырма жылдығына орай ұйымдастырылған ән сайысының барысында ең алдымен Қостанай облыстық телекоммуникация Дирекциясының бас директоры Қажымұрат Темірханов өнерпаздарға сәттілік тілеп, өзінің игі лебізін білдірді:
– Қазақтың жүрек тербейтін, қиял қозғайтын, терең ойға шомылдыратын ғажап әндерін насихаттайтын бұл байқау өнерпаз қызметкерлердің шығармашылық дамуына жағдай жасай отырып, ұжымда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында ұйымдастырылуда. Мұндай іс-шаралар еңселі еліміздің рухани құндылықтарын аялап, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін жетілдіре түсетіні анық. "Қазақтелекомның" жетістіктері мен табыстары, ең алдымен, қызметкерлердің біліктілігі, татулығы мен достығы, ынтымағы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Өнерлі болудың өзі бір мақтаныш, өнерлінің өрісін кеңейтіп, жұлдызын жарқыратсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Әрине, байқау болған соң сайыскерлерге қойылатын талап та күшті болмақ. Осыны ескерген әнге, биге жаны құмар байланысшылар да сайыста өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерді тәнті етті. Олар байқаудың талабы бойынша тек жанды дауыста ән айтып қана қоймай, шығармашылық қабілеттері мен актерлік шеберліктерін де жоғары деңгейде көрсете білді. "Байқау жанға жайлы, тартымды өтті. Техникалық саланың қызметкерлерінің жандары осынша нәзік, шығармашылық қабілеттері жоғары болғандығына риза болып отырмын", – деді қазылар алқасының мүшесі, облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы орталығының директоры Мұрат Сейілов.
Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орын Қостанай ОТД байланыс орталығының операторы Бақытжамал Мұхамедуәлиеваға бұйырды. Оның бұл орталыққа жұмысқа орналасқанына бар болғаны төрт ай ғана болыпты. Бала кезінен ән салып, талай байқауларды бағындырған бойжеткен енді Қарағанды қаласында өтетін сайысқа жолдама алып, Қостанай облысының намысын қорғайтын болады. "Біздің ұйымда қызмет барысында еңбекқорлық және жасампаздық танытып, қоғамдық іс-шараларға белсенді түрде қатыссаң, талабың ескерусіз қалмайды. Басшылық тарапынан көрсетілетін мұндай қолдау мен қамқорлық қызметкерлердің жұмысқа деген ықыласы мен шығармашылыққа деген ынтасын күшейте түсетіні сөзсіз", – дейді өз компаниясын мақтан тұтатын "телеком жұлдызы".
Екінші жүлдеге Арқалық қаласынан келген электрмонтер Александра Құрманова, үшінші орынға техникалық пайдалану орталығының инженері Шыңғысхан Қадырбаев ие болды. Сондай-ақ, сайыс барысында қара домбырасымен әуелете ән салған әулиекөлдік Ескендір Қойшыбаев көрерменнің де, әділқазылардың да көңілінен шықты. Бала жасынан әнге құмар болса да өнерпаз жігіт мұндай сахнаға алғаш шығып отырған көрінеді. "Атамұра" әнімен көпшіліктің көңілінен шыққан ол байқауда "көрерменнің көзайымы" номинациясын жеңіп алды.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
"Телеком жұлдызы" Бақытжамал Мұхамедуәлиева
Сайысқа қатысушылар