Сайлау бейпартиялықтардың бақылауында
Қостанай облысында ҚР Парламенті Мәжілісінің және маслихаттар депутаттарын сайлау қарқынды жүргізілуде. Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне жүгінер болсақ, облыс орталығының өзінде ғана 173 мыңнан астам адам дауыс беруі тиіс. Жалпы, сайлау учаскелерінің барлығы да штаттық режимде жұмыс атқаруда, тұрғындарды қабылдауға толықтай әзір.
Қазіргі карантиндік шектеуге байланысты кейбір тұрғындардың таңдау жасау мақсатында сайлау учаскесіне келе алмауы мүмкін. Осыны ескерген сайлау учаскелері денсаулығы сыр берген немесе жасы егде тартқан сайлаушылармен жекелей жұмыс істеуге кірісіп кетті. Бақылаушылардың есебіне жүгінер болсақ, сайлау заңды жүргізілуде, ешбір заңбұзушылық тіркелген жоқ.
Биылғы Мәжіліс депутаттарының сайлауы Сайлау заңнамасының жаңа түзетулеріне сәйкес өтеді. Осы ретте Қостанай облысының бейпартиялық байқау орталығының сайлауды бақылаушылар қатарына қосылғанын айта кеткен жөн.
«Біз заңнаманың бұзу фактілерін анықтап қана қоймай, олардың алдын алуына мән береміз. Сол себепті облыстық және қалалық сайлау комиссияларының басшыларымен кездесулер өткіздік. 2021 жылдың 10 қаңтарындағы Парламент сайлауы жаңаша өтеді. Біріншіден, 16 жылда алғаш рет парламенттік сайлау мерзімінен бұрын өтпейді. Екіншіден, коронавирустық пандемия жағдайында өзгеше болмақ. Қазір дауыс беруге қажетті құрал-жабдықтардың барлығы орналастырылған. Сайлаушыларға да, байқаушыларға да қажетті жағдай жасалған. Санитарлық шаралар толық сақталған. Облыс бойынша 700-ден астам тәуелсіз байқаушы дайындалуды. Олар үшін сайлауды объективті бағалау негізгі қағидат болады», – дейді Болат Қалиев.
Бұл жолы сайлауға байқаушы ретінде бұрынғыдай кез келген ниетті қоғамдық ұйымдар емес, жарғысында сайлауды байқау мақсаты бар арнайы ұйымдар қатысуда. Бұл талапқа сай келсе де байқаушы-өкілді сайлау учаскесінде тіркеу үшін енді жеке басын куәландыратын құжаттан басқа байқаушының куәлігі, жарғы көшірмесі, сондай-ақ қоғамдық бірлестік басшысының өкілеттігін куәландыратын құжат талап етіледі.