Менің таңдауым – жаңару мен жаңғыру

Мен өзім дауыс беретін Қостанайдағы № 67 сайлау учаскесіне айрықша көңіл күймен бардым. Бардым да, өз таңдауымды жасап,дауыс бердім. Айрықша дейтінім, бұл сайлау бұрынғы сайлаудан мен үшін ерекше болды. Ерекеше болатыны – бұрынғыдай емес, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс палатасына негізінен жаңа депутаттар сайланады, оның қатарында жастар және әйелдердің үлес салмағы көп болмақ. Олар қайнаған тірліктің ортасынан шыққан істің тетігін білетін, дайындығы бар, азаматтар. Сондықтан да жаңа депутаттар іске белсене кіріседі деген үміттемін.
Парламент Мәжілісінің бұл сайлауы –жетінші шақырылым екен. Мен сол 7 сайлаудың жетеуіне қатыстым. Қазақта 7 киелі сан. Жеті ата , жеті қазына, жеті жарғы, жеті күн тағы сол сияқтылар. Өз басым жеті саны сәттілік, табыс әкеледі деп сенгім келеді.
Рас, қазір төрткіл дүниедегідей тәжтажалдың кеселі халыққа батып отыр. Небір жақсылар мен жайсаңдардан мезгілінен бұрын айырылдық. Кәсібінен нәсібін тауып жүрген қарапайым замандастарымызға күн көру қиындады. Осындай қиындықтардың бәріне төтеп беріп, халықтың рухына серпін берер заң шығарушы, өкілеттік және билік тетіктері тың толқынмен жаңарады деген ниеттемін.
Мен сайлау учаскесіне балалары мен немерелерін ертіп келген ата-әжелерімізге, лек-легімен ағылған жас отбасы мүшелеріне, бозбалалар мен бойжеткендерге қарап сүйсіндім. Жастар жасы келген, дәрменсіз кісілерге жол беруде.
Төрткіл дүниеде алмағайып кезеңді бастан өткізіп жатқан кезде, еліміздің азаматтары өз мемлекетінің, өз қоғамының тағдыр- талайына немқұрайлы қарамасы анық. Сондықтан да сайлауға әр азамат перзенттік парызын абыроймен өтеуі тиіс. Әсіресе, Тәуелсіздгіміздің уығын қадасып, шаңырағын көтеріскен абзал аға-апаларымызға құрмет көрсеткеніміз абзал.
Біз әдетте жарқын ісімен көзге түскен адамды нағыз азамат екен деп жатамыз. Меніңше, бүгінгі сайлауға келіп дауыс берген кәмілеттік жасқа толғандарды өміріндегі ерекше қуанышымен құттықтауымыз керек. Отанды, ел мен жерді сүюдің бір көрінісі –осы сайлауға қатысу дер едім. Таңдау жасап, дауыс беру деген сөз – өз отбасыңның, еліңнің келешек тағдырын ойлағандық. Бұл азаматтарымыздың билікке, соның ішінде заң шығарушы билікке деген сенімін білдіреді. Біз бүгін еліміз ге қажетті Парламентті сайлайтынымызға сенімдімін.
Жаңарған Мәжіліс пен жаңарған мәслихат Тәуелсіздіктің 30 жылдығына лайықты тарту болмақ. Бұл өкілетті ұйымдарға қайратты,жігерлі бастамашыл буын келеді. Көп күткен оң өзгерістер болады. Жаңалық, жақсылық көбейеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓