Жаңа жылда – жаңа жатақхана!
Бүгін Қостанай жоғары медициналық колледжінің студенттер жатақханасының ашылу салтанаты өтті. Айтулы шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы қатысып, оқу орнының ұстаздар қауымы мен шәкірттерін құттықтады.
Іргесі 1929 жылы қаланған медициналық колледж тоқсан жылдан астам уақытта 23 мыңнан астам маман даярлап шығарған. Бүгінгі таңда барлық жерде коронавирустық инфекциямен күрес жүріп жатқандықтан, денсаулық сақтау саласы мамандары ауадай қажет.Біздің өңірімізде 6 мыңдай медицина қызметкерлері еңбек етуде, дегенмен дефицит әлі бар.
– Бұл нысан Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен бой көтеріп отырған нысан. Енді міне, жаңа жыл қарсаңында колледж студенттерінің өз баспанасы бар. 250 орынға арналған бұл жатақханаға ең алдымен мұнда көп балалы отбасылардан, жетім балалар, І және ІІ топтағы және кәмелетке толмағандар орналастырылады. Ауылдық жерлерден, әсіресе, өзге өңірлердің шәкірттеріне де арнайы орындар қарастырылып отыр. Барлығымен танысып шықтым, құрылыс жұмыстары сапалы орындалған. Қоныстанып жатқан шәкірттермен жолықтым. Жатақхана заманауи жабдықтармен, ас үй, оқу залы, жуыну бөлмелерімен жарақталған. Қауіпсіздік жағы ерекше қадағалауда. Бұған дейін пәтер жалдап келген шәкірттер енді мұнда тегін тұрады. Ең бастысы, жатақхана колледж ғимаратының дәл іргесінде, – деді А.Мұхамбетов.
Аймақ басшысы атап өткендей, биыл бұдан бөлек Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жанынан 500 орындық жатақхана құрылысы басталған болса, жаңа жылда Қостанай жоғары политехникалық колледжі жанынан 500 орынға арналған жатақхананың іргесі қаланбақ.
Қазіргі таңда Қостанай жоғары медициналық колледжінде 1437 шәкірт білім алуда. 139-ы орта арнаулы оқу орнынан кейін бакалавр болып келіп түскендер болса, қалғандары бес мамандық, сегіз квалификация бойынша оқып жатыр.
– Шәкірттеріміз бөлмелерге қоныстанып жатыр. Жиырмаға жуық студентіміз Алматы, Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келіп білім алып жатқандар. Шәкірттерді жатақханаға орналастыру жөніндегі арнайы комиссия бар. Ал нысанның өзінде 19 жұмыс орны ашылып отыр. Олар комендант, тәрбиешілер, тіркеушілер, күзетшілер мен тазалықшылар. Барлық жұмыс барысы, тәрбие және қауіпсіздік мәселесі колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен тәрбие жөніндегі бөлім меңгерушісі, педагог-психолог, педагог ұйымдастырушының қадағалауында, – деді Қостанай жоғары медициналық колледжінің директоры Әйгерім Оспанова.
Айта кетейік, сегіз айда салынған тоғыз қабатты студенттер үйінің басты мердігері «Рудныйсоколовстрой» АҚ. 4,5 мың шаршы метр нысанды салуға 700 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев.