Ананың ақ тілеуі

IMG_1852Мынау суреттегі әже Күлімжан Құсайынованың жасы биыл тоқсаннан асты.  Қарт ана осынау ғұмырында талай тарихи оқиғалар мен құбылыстарға куә болды.  Күштеп ұжымдастыру,  ашаршылық қасіреті,  37-нің қуғын-сүргіні,  Ұлы Отан соғысы және еліміздің тәуелсіздік алған жылы. Осынау оқиғалардың бәрі мақала кейіпкерінің жадында  сайрап тұр. Бірақ, әжеміз бастан кешкен қиындықтарын қайталап айтқысы келмеді. Сірә, өткен шақтың көлеңкелі тұстарын есіне алғысы келмеген шығар…
– Ашаршылық жылдары бар бейнетті шешем көрді. Біз соғыс уақытындағы ауыр тұрмысты білеміз.  Сол уақыттары 28 жаста едім.  Жас-кәрі деп бөлінбей еңбек еттік. Сиыр жетектеп соқа айдадық.  Сұрапыл жылдардың әңгімесін қайталай бергеннен ештеңе шықпас. Біздің жас кезімізде жағдай мүлде басқа еді. Үй ішімізбен бір сиырға қарап отырдық. Бәсеке көйлек, бәсеке киім, бәсеке дастархан деген болған жоқ. Барға қанағат қылдық, – деді Күлімжан әже.
Мәнді де мағыналы ғұмыр кешу, ұрпағының жалғасын көру мыңның біріне бұйыратын бақ шығар. Бұл ретте кейіпкерімізді бақытты әже деп айтуға болатындай. Ол кісі бес құрсақ көтерген ана. Соның үшеуі ұл, екеуі қыз. Ал немере, шөбере, шөпшегінің саны елуден асып жығылады.
– Менің бар байлығым – артымнан ерген балаларым. Олардан туған ұрпақ тым ыстық. Немере, шөбере, шөпшегімді көрген жұрт "мына балалардың бәрі өзіңіздікі ме әлде балабақшадан жинап әкелдіңіз бе?" деп әзілдейді. Шын мәнінде мен баланы шектеуге қарсымын.  "Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады" демей ме?! Әр баланың өзінің ырыздық несібесі болады. Жас келіндер осыны ұмытпаса екен,– деді Күлімжан әже.
Қарт ананың тұңғышы Марат қайтыс бол-  ған. Одан үш немере, бес шөбере, үш шөпшек сүйді. Ал келіні Зоя қазір 71 жаста. Екінші баласы Самат пен келіні Айшадан төрт немере, сегіз шөбере көрді. Бәрі үйлі-баранды. Үшіншісі Бақыттан 1 немере мен 3 шөбересі бар. Төртіншісі Сәуледен бір немере, бір шөбере бар. Оның жолдасы корей ұлтының азаматы Ким Александр. Әжеміз күйеу баласын ерекше құрметтейді. Ұлты басқа болса да жүрегі кең, адамгершілігі мол азамат деп сыйлайды. Кенже баласы Марал мен Розадан Диас, Абылайхан есімді немере сүйді. Диас үйленіп, шөберелі болды. Абылайханы оқуда.
Күлімжан әже 25 жылдан бері кенже баласы Марал мен келіні Розаның қолында Қостанай қаласында тұрып жатыр. Қарт ананың сөзін баласы Марал жерге тастаған емес. "Апар" деген жеріне уақытылы жеткізіп салады. Ал келіні Роза қарияның ас-суын дайындап, жүгіріп жүргені. Күлімжан әжеміздің өзі де кезінде 22 жыл енесімен бірге тұрған. Сол кездері үлкенге қарсы келмей барынша сыпайы болды. Қайнағасының балалары Абай мен Айманды туғанындай көрді.
Кейіпкеріміз  22 жылдан бері ораза ұстайды. Жасы тоқсаннан асса да бес уақыт намазын үзбей оқиды. Қасиетті жұма сайын мешітке барып, садақасын беріп тұрады.
– Қазіргі уақыт нағыз бейбітшіліктің кезі. Шүкір, елдің қарны тоқ, уайымы жоқ. Ең бастысы Қазақстанымыз тәуелсіз мемлекет. Елбасымыздың саясаты да оңды. Осы күнімізге тәубе етейік, – деді қарт ана.
Қымбат
        ДОСЖАНОВА
СУРЕТТЕ: Күлімжан Құсайынова.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓