Тарихтың тақсіретті тарауы

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл дата биыл 25-ші рет атап өтіліп отыр. Қостанайлықтар да облыс орталығындағы Жеңіс паркінде тағзым жасау митингінде бас қосты.
Іс-шарада қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары ата-әкелерінің қасіретті тағдырын баяндап берді. Солардың бірі – амангелділік Айтуар Ташпанов қудалау көріп, нәубет арқалап өткен екі атасы және әкесі туралы сөз қозғады.
«Тарихта «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен байлардың малын тәркілеп, жер аудару басталған уақытта, атам Мұхамеджан Бүркітұлы 1930 жылдың 26 ақпанында НКВД-ның «үштігімен» тұтқындалып, ату жазасына кесіліп, сол жылы 13 мамыр күні Қостанайда атылған. Мұхамеджанның баласы Жанұзақты 1933 жылы «бай баласы» деп Семейге жер аударады. 1937 жылы «Халық жаулары» деген жаламен ағам Жанұзақпен қатар, Мұхамеджанның кіші ағасы Ташпанның ұлы, яғни менің әкем Ыбырай да сотталады. Тундра лагерінде 1944 жылға дейін жазықсыз еңбек лагерінде тұтқында болды», – дейді А.Ташпанов.
Ол кісілер 1990 жылы аталары мен ағалары толық ақталған. Бір өкініштісі, тарихтың тақсіретті тарауларын ұрпақтың жадынан өшіріп тастау мүмкін емес. Осы ойды жас ақын Дәулет Жадырасын да өз сөзімен сабақтап өтті.
«Жазықсыз жала жабылып, өлім құшқан қайраткерлердің қай-қайсысы да қазақтың бағыт-бағдарын айқындап кетті. Іргелі ғылымдардың негізін қалады. Ал солар ақталып, еңбектері елге жария болған уақытта дүниеге келген ұрпақ бақытты ұрпақ дер едім. Себебі біз ойымызды, пікірімізді, көзқарасымызды ашық білдіре алатын заманда тудық», – деп ой сабақтаған Дәулет сөзін «Еркіндік сублимациясы» атты тамаша өлеңімен аяқтады.
Қазақстанға жер аударылып келіп, қазақ ұлтының қонақжай көңілі мен қамқор пейіліне жылынған өзге ұлт өкілдері үшін де бұл атаулы күннің мән-маңызы зор. Ата-анасы қазақ даласына келіп жан сақтаған Владислава Ким де сол бір нәубетті кезеңді көзіне жас алып тұрып есіне түсірді.
«Менің отбасым Қазақстанға Қиыр шығыстан 1937 жылы жер аударылды. Оған Жапониямен соғыс себеп болған еді. Бізді  ұсқындарың ұқсайды деп айыптады. Мал тасымалдайтын вагонмен қазақ даласына келдік. Халіміз мүшкіл, тағдырымыз қыл ұшында болатын. Бірақ бізге қазақтар құшақ ашып, жарты нанын бөлісіп, көмектесті. Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаспыз», – деді кейуана кемсеңдеп.
Қанды қасаптың статистикасы көз алдыңа келген сайын әлі күнге жан түршігеді. 1937 және 1938 жылдары ғана 125 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраса, солардың 22 мыңы ату жазасына кесілген. Соның ішінде Қостанай облысынан 4 мың адам жазықсыз оққа ұшыпты…
Қостанайлықтар қаралы жылдарды күрсініспен еске алып, минуттық үнсіздік жариялады. Кейін жиылған қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойысты.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓