Індет пен міндет

WhatsApp Image 2020-12-28 at 17.45.372020 жыл ең әуелі әлемді жайлаған коронавирус инфекциясымен есте қалары анық. Осы майданның бел ортасында жүрген дәрігерлердің еңбегі орасан.
Дәрігер-инфекционист Карина Юсупова үшін осы жыл әрі қиын, әрі табысты жыл болды. Оны жылдың жас әрі бас қаһарманы деп таныстырсақ та артық емес.
Ол – Қазақстан тәуелсіздігінің құрдасы, 1991 жылы Қостанай ауданында дүниеге келген. 2008 жылы Қазақ мемлекеттік медициналық академиясына оқуға түсіп, тоғыз жылда бакалавриатты, интернатураны, резидентураны да бітірген. 2017 жылы Қостанай облыстық ауруханасына жұмысқа тұрды. Еңбекқорлығымен, тәртібімен көзге түсіп, небәрі жарты жылдың ішінде жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.
Әлемді коронавирус жайлап, күн сайын өршіп жатқан уақытта ол декреттік демалыста жүрген. Індет Қазақстанда әлі тіркеле қоймаған кез еді. Бірақ жағдайды болжай білген дәрігер баласы бір жасқа толар-толмаста жұмысқа шығып кетті.
– Ең бірінші науқас Қазақстанда наурыздың ортасында, Қостанай облысында 3 сәуірде тіркелді. Бұл күнді әлі ұмытпаппын, – дейді Карина Бейсенбайқызы бізге мессенджер арқылы берген сұқбатында. Иә, онымен кездесіп, бетпе-бет әңгімелесудің реті келмеді. Жұмыс қауырт. Қостанай қаласында дәрігер-инфекционист мамандығын игерген алты-ақ маман бар көрінеді. Ауруханаға ерте кіріп, кеш шығады. Басқа саладағы әріптестері де күш біріктіріп, аянып жатқан жоқ. Кардиологтар, эндикринологтар, тіпті хирургтар да білек сыбанып, іске кіріскен.
WhatsApp Image 2020-12-28 at 17.45.40– Бұл індетпен күресте барлық медицина қызметкерінің еңбегі орасан. Қиындықтарға қарамастан, алдыңғы шепте жүр. Шынында, жұмыс қиындап кетті. Күн ұзаққа қорғаныш киіммен жүргенде тіпті бір жұтым су іше алмайсың. Бірақ одан қашып жатқан жоқпыз. Өйткені, адамдарға көмектесу – біздің қасиетті борышымыз. Осы ретте бізбен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқан барша дәрігерлер қауымына алғыс айтқым келеді, – дейді К.Юсупова.
Қостанайда коронавирус індетіне шалдыққандарға арналған 200 орындық модульді ауруханада осы күзде ғана ашылған еді. Карина Бейсенбайқызының қазіргі жұмыс орны осында. Ол аурудың таралуы әлі бәсеңдемей тұрғанын айтады.
WhatsApp Image 2020-12-28 at 17.45.41– Әр күні келіп түсетін науқастар саны әртүрлі. Дүйсенбіде 8 адам жатқызылса, жұма күні 28 науқасты қабылдауымыз мүмкін. Бәрі тұрғындардың өзіне байланысты. Карантин, локдаун жариялануы, кейбір шектеулер бекерден-бекер емес. Қолымыздағы сараптамаға қарасақ, шілдедегі жағдайға қарағанда қазір адамдардың көбі ауыр халде келіп жатыр. Науқастардың 80-90%-іне өкпенің қабынуы диагнозы қойылған. Індет жұқтырғандардың дені созылмалы ауруы бар егде жастағылар. Коронавирус ешкімді аямайды, ол адамның ең әлсіз жерін біледі, – дейді жас дәрігер.
Пандемия кезеңіндегі еңбегі үшін Карина Юсупованың есімі «Қостанай облысы жастарының алтын кітабына» енгізілді. Биылғы жетістігі бұл ғана емес, сала министрлігінің мақтау қағазын алды. Қыркүйек айында облыстық басылым ұйымдастырған байқауда оқырмандар таңдаған үздік 10 медицина қызметкерінің қатарынан көрінді. Өзі емдеген жандар көп дауыс берген.
Карина_IMG_6582– Мен үшін ең үздік марапат – еңбегімнің нәтижесін көру. Жансақтау бөлімшесіне түскен пациентім ауруханадан өз аяғымен шыққанын көргенде төбең көкке жеткендей болады, – дейді кейіпкеріміз.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓