Көпір – күре тамыр
Қостанай-Затабол арасын жалғап жатқан төрт жолақты үлкен көпірдің құрылысы қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде толық аяқталады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол»» ҰК облыстық филиалының директоры Андрей Горват мәлімдеді.
-Жалпы, көпірді қалпына келтіру жұмыстарына үстіміздегі жылы 2 млрд. 300 млн.теңге бөлінді. Күні бүгінге дейін соның 1 млрд.700 млн.теңгесі игерілді. Бұл жылдық жоспардың 77%-іне тең. Жоба 2015 жылы қолға алынған болатын. Маңызды нысанды ел игілігіне беру 2017 жылға белгіленген-тұғын. Дегенмен, құрылыстың тоқтаусыз жүргізілуі, экономикалық маңызы бар нысанды мерзімінен бұрын тапсыруға мүмкіндік берді,-деді Андрей Горват.
Сонымен, құрылысы екі жылға созылуы мүмкін делінген үлкен көпірдің бар жұмысы айналасы бір жыл ішінде пайдалануға берілгелі отыр. Бұл «Мостоотряд-25» ЖШС мердігерлік компаниясының директоры Тимур Накусов бригадасының жанкешті еңбегінің арқасы. Бас мердігер қазір барлық жұмыстың 96%-і еңсерілгенін айтты.Тек, көпірдің айналасын абаттандыру жұмыстары ғана қалған.
-Облыс үшін бұл көпірдің маңызы зор. Әуелде біз осы жаққа келгенде көпір құрылысына арналған темір-бетон құрылымы өндірісінің полигонын кеңейтеміз дегенбіз. Уәдемізде тұрдық. Оны көпірден қашығырақ жерге салдық. Республикалық комиссияның бекітуімен көпірдің барлық құрылымдары сонда жасалды және жан-жақты тексерілді. Өнімнің бәрін біз көпір құрылысына пайдаландық,-дейді бас мердігер.
Айтпақшы, көпірге жанама салынған бөгет жобада көрсетілген нұсқадан әлдеқайда ауқымдырақ болыпты. Бірақ, ол да қаланың орналасу ретіне қарай жасалды. Жылда көктем туысымен су деңгейінің көтерілуі талай әуре-сарсаңға салғанын білеміз. Оның нысанға да тигізер зардабы аз емес. Осының бәрін алдын-ала есептеген мердігерлер құрылыс нысанының кем дегенде бес-алты жылға шыдас беруіне кепілдік етіп отыр. Т. Нукусов жоғарыда аталған полигонды жаңа жобаға лайықтап қайта жетілдіріп, ұзындығы 33 мм болатын құрылымдар шығаруға дайындап қойған. Оны Тобыл стансасындағы көпір құрылысына кәдеге жаратпақ. Бұл жоба «Қарабұтақ-Қостанай жолын қалпына келтіру» жобасының аясында жүзеге асырылатын болады.
Тимур Нукусов полигонның әлі бір жұмыс істейтіндігін тілге тиек етті. Ең бастысы өнімдер жергілікті жерде өндіріледі. Бұл Алматыдан тасымалдағаннан гөрі әлдеқайда ұтымды. Соның арқасында 100 млн.теңге үнемделген.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құрылыс нысанын салу барысында ең бірінші сапаға мән беру қажеттігін алға тартты. «Жол-өмірдің күретамыры,-деді ол өз сөзінде,- бұл өңір экономикасын өрістетуге, шағын және орта бизнесті дамытуға аса зор септігін тигізеді. Сондықтан, оның неғұрлым ұзақ жылдар қызмет еткенін қалаймыз».
Бүгінде көпір құрылысына 350-дей адам жұмылдырылса, соның екі жүзден астамы жергілікті мамандар. Олардың табысы да жаман емес. Орташа есеппен құрылысшылардың әрқайсысы 150 мың теңгеден кем алмайды.
Өңір басшысы мердігерлерге көпір құрылысы аяқталып, келесі нысанға ауысқанда да жұмысқа жергілікті мамандарды тартуды тапсырды.
Әлібек ЫБЫРАЙ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.