200 бас асылтұқымды мал сатылды
Қарабалық ауданындағы «Север-Агро Н» серіктестігінің базасында асылтұқымды абердин-ангус сиыры тұңғыш рет аукционға түсті. Бәссаудаға көршілес Ресейдің бір топ фермерлері де келді. Сатуға түскен асылтұқымды тайыншалардың бастапқы бағасы 360 мың.теңгеден басталды. Ірілері 500 мың теңгеден асып жығылады. Еліміздің бірқатар облыстары және көрші мемлекеттің шаруалары айналасы бірер сағаттың ішінде 200 бас қара малды бөліп әкетті.Мәселен, Өрнек ауылынан келген бір кәсіпкер төрт бас қара малды бір-ақ сатып алды. Айтуынша, асылтұқымды тайыншаларды табынға қоспақ. Сөйтіп, келесі жылы жаңа тұқым алуды жоспарлап отыр.Бұдан ұтпаса, ұтылмасы анық.
Тұңғыш рет бәссауда ұйымдастырып отырған «Север-Агро Н» ЖШС-і осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2011 жылы Австралиядан 375 абердин-ангус тұқымын әкелген болатын. Одан кейін тағы 2150 қара мал сатып алынды. Бүгінде фермадағы асылтұқымды сиырлардың саны 4500-ден асты.
Жалпы, абердин-ангус тұқымы жергілікті климатқа тез бейімделгіш келеді. Бұлар аса көп күтімді қажет ете бермейді. Қар түскенше далада емін-еркін жайылады. Сол үшін «Север-АгроН» серіктестігі 6 мың гектар алқапты электр тоғы жалғанған сыммен қоршап қойған. Яғни, мал бағуға бақташының қажеті жоқ. Ангус тұқымы қысқа төзімді келеді, соған қарамастан тез салмақ қосады.
«Қазақстан ангусы» республикалық Палатасының директоры Бауыржан Разақтың айтуынша, абердин-ангустың тағы бір қасиеті, оны зеңгі бабаның қай тұқымымен будантастырса да, бузауы қанына тартып туады. Бүгінде елімізде 40 мыңнан астам абердин-ангус тұқымы бар.Ал соның бес мыңы біздің облыстың еншісінде.
-Естеріңізде болса, осыған дейін сырттан әкелінген мал босқа қырылып қалады деген сөз болған. Міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, әкелінген сиырлардың 80%-і бұзаулады. Жергілікті жерге әбден үйреніп алған,-дейді ҚР ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков.
Аукцион аяқталғасын ҚР ауылшаруашылық министрі А.Мамытбеков пен облыс әкімі Н.Садуақасов итальяндық инвесторлармен бірге жергілікті шаруашылықтарды аралап көрді. Мақсат-шетелдік кәсіпкерлердің Қазақ даласында жұмыс істеуіне жол ашу.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор.
Кандаи турлери бар 1 штуктап сатылама маган аналык бызауымен сосын еркек бызауы керек еди
Маган қашарлар керек еди қанша болады көп алса дегеним