Қабырға байланыс аясында
Биыл Амангелді ауданы Қабырға ауылының тұрғындары үшін қуанышты жаңалықтар аз болмады. Әуелі ауылға ауыз су желісі тартылды. Енді, міне, жаңа жыл мерекесі қарсаңында ұялы байланыс бағанасы орнатылды. – 25 жылдан бері таза ауыз су мәселесі шешімін таппай келген болатын. Бұл мәселені шешуге «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 82 млн теңге жұмсалды. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауында айтылған шалғай елді мекендерді ұялы байланыспен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында, «+250» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Тele2 3G, Altel 3G, Activ 3G, K-сell 3G және Beeline 3G байланыс желілері орнатылып, халық игілігіне пайдалануға берілді,- деп сүйіншіледі ауыл әкімі Ардақбек Несіпбекұлы.Байланыстың болмауы осы кезге дейін ең әуелі мектеп жұмысына қиындықтар тигізіп келген. Қазір оқушылардың қуанышында шек жоқ, ұстаздар қауымы да шексіз разы. Қашықтықтан оқып жатқан студенттерге де тамаша тосынсый болды.