Көркем туынды атауы – “Вакцинация”
Өңірлік коммуникация қызметі алаңындағы брифингте қоғам қайраткері, публицист, елордалық жазушы Жан Ақжанов фэнтези жанрында жазылған "Вакцинация" атты еңбегін таныстырды. Автор сиясы кеппеген көркем шығармасы туралы баяндап, жергілікті журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Әлемді өз "тәртібіне" бағындырған пандемия, адамзат тарихындағы алапат оқиға көркем әдебиетте де көрініс табуы керек. Осындай күрделі кезеңдерде қоғамның жаңа ережелерге бейімделуіне, адам санасында жаңа өмір салтының орнығуына, ұжымдық инстинктің қалыптасуына көркем шығармалардың да зор септігі тиер еді. Кітап авторы осындай пікірде.
"Оның үстіне, елді екпе алуға мәжбүрлеуге жол берілмейтіндіктен, мамандардың халыққа оның пайдасын түсіндіруден басқа шаралары да жоқ. Ал ақ халаттылардың ақпараттық-насихат жұмыстары жұрттың бәрін иландыра ала ма? Ғылыми дәйек, медициналық дәлелдерге елдің барлығы құлақ аса қоя ма? Мінекей, осы кезде қалың қауымның көкейіне ой салу үшін кітабымыз рухани тұрғыда көмекке келер еді", – дейді Жан Мұхарапұлы.
Туынды қазақ әдебиетінде кенжелеп тұрған фэнтези жанрында жазылған. Автор тартымды оқиға, қызықты сюжет оқырмандарын бірден баурап аларына сенімді.
"Басыңызға ауыр іс түссе, шығар жолы жоқ тұйыққа тірелсеңіз, ең алғашқы қабылдар әрекетіңіз қайсы болар еді? Үгітіліп құмға айналасыз ба, әлде тіршілік үшін күресесіз бе? Осындай сұрақтардан туындай келіп, ұлы сұлбасы көрінген сюжет көкейімде көптен жүрген-ді. Кейін оны осы вакцинация мәселесімен байланыстыру идеясы басыма келді. Негізі, оқиға терең шыңырауға құрап кетіп, қайта шығу мүмкін емесіне көз жеткізіп, қараңғылықта, жалғыздықта тірі қалу үшін айлап-жылдап күресетін жігіттің тағдыры арқылы өрбиді. Оның туынды тақырыбымен қалай астасатынын оқырманның еншісіне қалдырайық. Жалпы, осы еңбегім арқылы адамдарға табиғатты сүю керек екенін, одан алшақтай алмайтынымызды, табиғат механизмінің қалай жұмыс істейтінін түсіну, түйсіну қажет екенін айтқым келді", – дейді автор.
Оның айтуынша, вакцинация туралы жазылған көркем шығарма бүкіл посткеңестік елдерде жоқ. Бірінші болып Қазақстанда жарық көріп отыр.
"Вирус туралы кітап жазу оңай емес. Егер вирус туралы кино түсірілсе, оның міндетті түрде апокалипсистік сюжетке құрылатынын көріп жүрміз. Мазмұндары таптаурын. Өйткені одан басқа идея табудың өзі қиынның қиыны. Вирус жайында жазар болсаң, әуелі оның не екенін терең білуің керек. Бәріміз "планетаның командирі адамдар" деп ойлаймыз. Негізінде, әлемге ықпалы жүретін тіршілік иелері – вирустар мен бактериялар ғана. Өйткені, біз жер бетінен жоғалып кетсек, әлемнің бір түгі қисаймайды. Ал вирустар жоқ болып кетсе, бүкіл дүниенің өзгеруі, ойран-топаны шығуы мүмкін. Жалпы, осы шығарманы жазбас бұрын вирус туралы өте көп ізденуіме тура келді. Оның үстіне, медицина тақырыбындағы шығармада бәрі дәлелді, нақты болуы тиіс, ойдан алып ештеңе қоса алмайсың. Сондықтан осы саланың ықпыл-жықпылына терең үңілдім. Көп дайындалдым. Сөйтіп, "Вакцинацияны" жазуға 1 жыл уақыт жұмсадым",- дейді Ж.Ақжанов.
Бір айта кетерлігі, Жан Ақжанов, қазақша сөйлейді демесеңіз, орыстілді прозаик. Сәйкесінше, "Вакцинация" да орысша жазылған. Бірақ автор бұл еңбегін мемлекеттік тілге аударуға үкімет жәрдем берер деген үмітте. Ал кітапты Қазақстандағы ауруханалар мен емханаларға таратуды жоспарлап отыр. Сұраныс болса, мүмкіндігі туса, кітапхана сөрелерінен табылып қалуы да кәдік. Негізі, "Вакцинация" – көркем шығармаға арқау болған алғашқы ерекше тақырып емес. Жазушы бұған дейін де әлеуметтік, ғылыми, экономикалық салаларға қатысты хикаялы туындылар жазған.
"Мен қоғам қайраткері ретінде шығармашылық бағытымды резонансты мәселелерге бұрып жүрмін. Ең алғашқы еңбегім "Суицид" деп аталды. Қазақстанның жасөспірімдер суициді жөнінен әлемде алғашқы орындарда тұрғаны көпке аян. Сондықтан осы тақырыпта туынды жазуды міндетім санадым. Оқырмандардың жақсы бағалағанына қарағанда, өзім үміттенгендей, сюжеті әсерлі болып шықса керек. Одан кейін медицина саласына қатысты "Дәрігер жолы" және "Медбике" атты кітаптар жаздым. Бұл көркем туындыларым да ел бойынша үлкен тиражбен таралып, жылы қабылданды. Оның сыртында, "Аудит", "Дала мен тағдыр" атты көркем шығармаларым бар", – дейді Жан Мұхарапұлы.
"Талғамы бөлек, таңдауы басқа" прозаик қазір мемлекеттік қызметшілер туралы шығарма жазуға бекініпті. Бұл тақырыпта да осы кезге дейін көркем туындының жазылмауы қолына қалам алуға түрткі болған.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков