Көркем сөз зергері
Жуырда Рудный қаласының "Орбита" мәдени-сауық орталығында көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы байқауы өтті.
Айтулы шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу мақсатында ұйымдастырып отыр. Бұл жолы 15 пен 30 жас аралығындағы 10 үміткер прозалық және драмалық шығармалардан үзін-ділер келтіріп, поэзия әлеміне құлаш сермеді. Сайыстың негізгі бөлімінде қатысушылар Оралхан Бөкейдің шығармаларын нақышына келтіріп орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Әділ қазылар алқасының айтуынша, үміткерлердің өнерін бағалау кезінде дауыс мәнеріне, көркемсөз оқу шеберлігіне, сахнада өзін-өзі ұс-тауына және киім сәніне басты назар аударылды. Алайда "жүйріктен жүйрік озар жарыс-қанда" демекші, байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың арасынан І орынға №7 қазақ орта мектебінің оқу-шысы Мұратбаева Жансая лайық деп танылды. Ал, ІІ орынды аталмыш мектептің оқушысы Әскерова Сара мен Рудный индустриялық институтының 2-курс студенті Назарбекқызы Гүлназ қанжығасына байлады. ІІІ орын көлік және құрылыс колледжінің студенті Балғабаев Ерсайын-ға бұйырды.
Айта кетерлігі, биылғы байқаудың соңы өзге ұлт өкілдері арасындағы қалалық Абай оқулары сайысына ұласты. Бұнда Рудныйлық оқу орындарының намысын арқалай келген 12 үміткер ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, әндерін нақышына келтіріп шырқады. Сайыстың соңында қазылар алқасының бірауыздан шешімімен Рудный индустриялық институтының студенті Вдовиченко Алина жеңімпаз атанып, облыстық кезеңге жолдама алды.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ