Спортшылар отбасы
Өңіріміздегі спортшы қауым мен жанкүйерлерге Берденбек Қайрат пен Әсел Қабдығалымованың есімі жете таныс. Әсіресе, аймағымыздың қазақ күресі өнерін дамтуға бар үлесін қосқан белгілі палуан, бапкер, қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер, қазақ күресі және дзюдодан жоғары дәрежелі төреші Берденбек ауылда жүргеннен-ақ Сәбит Жұмабаевтың тәлімін көріп, артынан студент күнінде КСРО-ға есімі мәшһүр, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Олжабай Сәрсенбаев, танымал бапкер Аманжол Төлегеновтерден мол тәжірибе жинақтады. 2008 жылы Бейімбет Майлин ауданында жасөспірімдер спорт мектебінде бапкер болып бастаған оның Аркадий Ахметовтің тәлімгерлігімен жеткен жетістігі аз емес, талай жарыстарда атой салды. Облысымызда, республикада өтетін «Қостанай қыраны», «Қазақстан барысы» турнирлерінде төреші әрі жарысты жүргізуші болуы – бозкілемде өзін мойындатқанының жемісі.
Сондай турнирлердің бірінде шығысқазақстандық Әсел Қабдығалымовамен танысып, екеуінің өмірлік жұбы жарасты. Әсел – дзюдо, самбо, джиу-джитсудан ҚР спорт шебері, татамиде Қазақстанның төрт дүркін жеңімпазы атанған, самбодан Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері, джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы һәм Әлем кубогына қатысқан қазақтың қайсар қызы. Қ.Мұңайтпасов атындағы ҚР дарынды балаларға арналған спорт мектебінің түлегі. Атасы Қазақ КСР спартакиадасының чемпионы Амангелді Қабдығалымды үлкендер жағы ұмыта қоймаған болар.
2012 жылдан Лисаков қаласына тұрақтаған спортшы отбасы шаһардағы жасөспірімдер спорт мектебінде бапкерлік қызмет атқара бастады. Нәтиже жаттықтырушылар күткендей болды – 2015 жылы екеуінің ортақ шәкірті Жансая Аманбаева дзюдодан Қазақстанның чемпионы, 2017, 2018, 2019 жылдары қазақ күресінен ел жеңімпазы танылса, былтыр Азия кубогының қола жүлдегері атанды. Тағы бір шәкірті Надежда Казакевич 2016 жылы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Ал Юлия Кривич, Мәдина Ибраева самбо күресінен Қазақстанның чемпиондары. Күрес саласынан Лисаковтан шыққан еліміздің жеңімпазы деген мұндай жетістік қала тарихында бұрын-соңды болмапты. Зор мақтаныш қой! Бұлардың сыртында облыста жауырыны тимей жүрген ізбасарлары қаншама.
Берденбек бүгінде «Қазақстан алюминийі» АҚ филиалының Краснооктябрь кеніш басқармасында спорттық нұсқаушы. Жұмыстан кейін қалада бапкерлік қызметін атқарып жүр.
– Әлі де болса өңіріміздегі күрес түрлерін әрі қарай дамыту, әсіресе, қазақ күресінің жоғары дәрежеге жетуіне атсалысу. Карантин жаттығу залында көппен дайындалып, шәкірттерімізді баулуға айтарлықтай кері әсерін тигізді. Бірақ бұл індет уақытша екеніне сенімдіміз. Жайма-шуақ күн келер, алдағы уақыт спорт шеберлерін көптеп тәрбиелеп, Қазақстан мен құрлықтық, тіпті, әлем және олимпиада жеңімпаздарын баулып шығарсақ деген арман-мақсатымыз бар, – дейді бапкер.
Берденбек пен Әселдің сегіз және жеті жасар қыздары Карима мен Жаннұр жүзу спортына қатысып жүр. Ұлдары Әлім үшке де толмаған. Бірақ оны да ата-анасы күреске жаттықтырамыз деп бек сенімде отыр. Ал бақытты шаңырақ үшін жетістіктіктің зоры – Қазақстан тәуелсіздігінің баянды болуы, спортшыларының әр мемлекетте азат еліміздің көк байрағын желбірете жеңіске жетуі.
– Біздің тәуелсіздігімізді төрткүл дүниеге паш ететін, мықты, күшті екенін дәлелдеп беретін – жеңімпаз спортшларымыз. Отыз жылдықта қаншама әлем және олимпиада чемпиондары атой салды. Көптеген спорттық нысандар бой көтеріп, саламатты өмір салтын насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Спорт саласына зор көңіл бөлініп келеді. Өз басым осы Лисаковқа алғаш келгенде, жөні дұрыс спорттық алаң болған жоқ. Қазір әр аулада дене шынықтыруға мүмкіндік бар. Жаңа стадион бой көтерді, болашақта да мұндай құрылыс жұмыстары жалғаса береді. Жер-жерде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді. Тәуелсіздігіміз бізге осыншама мүмкіндіктер беріп отырған соң, біз де егемен еліміз үшін жемісті қызмет етуіміздің өзі зор бақыт емес пе! – деді Берденбек Қайратұлы.