Астанада Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының жәрмеңкесі өтеді
Алдағы 11-12 қазанда Астана қаласы әкімдігі алдындағы орталық алаңда Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
Алдағы демалыс күндері Елордадағы жәрмеңкеге Қостанай облысы 550 тоннаны құрайтын 60 түрлі өнім әкеледі. Қостанайлықтар Астана тұрғындарына еттің барлық түрлерін, картоп, көкөніс, ет және шұжық, сүт өнімдерін, сұлы, макарон, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, өсімдік майы, жұмыртқа мен ұн және т.б. ауыл шаруашылық және қайта өңдеу өнеркәсібі өнімдерін ұсынады.
Шығыс Қазақстан облысы жәрмеңкеге 450 тонна ауыл шаруашылық өнімдерін, атап айтқанда бал және бал шаруашылығы өнімдерін, өсімдік майы, қарақұмық, асбұршақ, қақталған және қайнатылған шұжық өнімдерін, балық және балық өнімдерін, сиыр, қой, жылқы еттерін әкелмек. Сонымен қатар, шығысқазақстандықтар астаналықтарға сүт өнімдерінің мол түрін – сүт, ірімшік, сүзбе, қаймақ, айран, ашытылған өнімдерін, сондай-ақ, панта өнімдері мен қымыз, тары, құрт, т.б. азық-түлік өнімдерін жеткізбек.
Жәрмеңкеде қос облыстың әкелген өнімдері Астана қаласында қалыптасқан нарықтық бағадан төмен бағаға сатылатын болады.