Прокуратура жаңа ғимаратта
Алтынсарин ауданына қарасты Обаған селосында прокуратураның жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді.
Жаңадан бой көтерген ғимарат екі қабаттан тұрады. Оның құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталған еді. Арада жеті ай уақыт өткенде құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа нысан пайдалануға берілді. Нысанның жалпы аумағы 384 м 2 . Ғимараттың ішінде қызметкерлерге арналған бөлмелерден басқа акт залы, мұрағат, азаматтарды қабылдау бөлмесі бар. Нысанның ашылуына ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель, Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов қатысып, жергілікті прокуратураның қызметкерлерін құттықтады.
– Қысқа мерзім ішінде заман талабына сай салынған жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Игі істің уақытылы аяқталуына қолдау білдірген облыс әкіміне және мердігер компанияға алғыс айтамын. Азаматтардың сенімін ақтап, қызметтік міндеттеріңізді адал орындағайсыздар,-деді ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары И.Меркель.
Іс-шара барысында облыс әкімі Н.Садуақасов та құттықтау сөзін сөйледі. Прокуратура органдарының ардагері Бахчан Нагуманов әріптестеріне табыс тіледі.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай