Балғын палуандар бәсекесі
Облыстық балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерві мектебінде грек-рим күресінен ішкі біріншілік аяқталды. Оған Қостанай, Лисаков қалалары мен Таран, Әулиекөл аудандарынан келген спортшылар қатысты. Осы бәсекенің бел ортасында жүретін Лисаков грек-римшілері бұл жолғы бәсекеге кілең чемпиондарын әкеліпті. Жарыста 100 палуан 10 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Жүлде қорын отыз алты спортшы сарапқа салды.Турнир жеңімпаздары болып Өмірзақ Ескендір (42 кг), Жалғас Жақсыбеков (50 кг), Шаймерден Әбеуов (58 кг), Темірхан Байғанин (63 кг) және Иван Кострикин (85 кг) танылды. Жарыстың ең үздік палуанына берілетін сыйлыққа Ержан Аманжолов ие болса, жеңіске деген жігері үшін лисаковтық Қазбек Ескендір марапатталды.
Грек-рим күресі облыста жақсы қарқын алуда. Жақында Астанада ҚР спорт шебері Ақылбек Мусиннің құрметіне орай республикалық турнирде қостанайлықтар жетістікпен оралған болатын. Балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерві мектебінің шәкірттері Қостанай облысының намысын байрақты додаларда да жақсы қорғап келеді.
Жеңімпаздар Дәулет Тұрлыханов атындағы республикалық турнирге жолдама алды. Ал сәуір айында Азия чемпионатына іріктеу басталады.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ