Алаш арысына құрмет
Биыл Алаш қайраткері, қазақтың маңдайына біткен біртуар азамат, ақын, жазушы, көрнекті көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының туғанына 135 жыл толды. «Оян, қазақ» деп ұлттың рухын сілкіген Жақаң Алаш зиялыларының алдыңғы сапында жүріп, ұлтымыздың сауаттануына, рухани, мәдени тұрғыдан дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға.

Оқу-ағарту саласында ауқымы кең, еңбегі ерен жұмыстар атқарып, саналы ғұмырын ұлтының қамын жеп өткен арысымыздың мерейтойы қарсаңында Рудный қалалық «Нұр» мешіті мектеп оқушылары арасында «Арқаның саңлағы – Міржақып» атты байқау өткізді. 7-10 сыныптар аралығындағы 39 оқушы қатысқан бұл танымдық жарыста ақынның шығармалары жатқа оқылып, мағынасына қарай суреттер салынды.

«Байқаудың мақсаты – жастарға патриоттық тәрбие беру, көркемсөз оқу шеберлігін дамыту және ұрпақтар сабақтастығын нығайту сонымен қатар өздерінің Міржақып шығармаларымен жақынырақ танысып-білуі» – деді «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев.
Әділ қазылар шығармаларды сарапқа салып, зерделеп, басым түскен жеңімпаздарды анықтады. Мәнерлеп оқу шығармашылығынан Б.Майлин атындағы мектеп оқушысы Жамбыл Тоққажаев бас жүлдені иеленсе, қылқалам сайысынан Карім Рахимов үздік деп танылды.

Рудный қаласы