Тегін ота жасатуға мүмкіндік бар
Ағымдағы жылдың 10 айында облыс бойынша 180 тұрғынға МӘМС шеңберінде буындарды ауыстыру бойынша тегін операциялар жасалған. “Медициналық сақтандыру Қоры” Қостанай облыстық филиалының директоры С.Аймұхамбетованың айтуынша, мәселен тізе мен жамбас буындарын ауыстыру бойынша бір операцияға миллион теңгеден астам қаражат жұмсалады екен, бірақ сақтандырылған науқастар үшін ол мүлдем тегін. Себебі, науқастарды емдеуге арналған шығындарды медициналық сақтандыру қоры төлейді. Бүгінде ауруханаларға осы операциялар үшін аударылған қаражат көлемі 193,8 млн теңгені құрап отырған көрінеді.
-Біздің өңірде мұндай операциялар облыстық ауруханада, сонымен қатар Қостанай және Рудный қалалық ауруханаларында өткізіледі. Хирургиялық емдеудің көрсеткіші – қатты ауырсыну синдромы бар деформациялық артроз. Операция кезінде өзгертілген артикулярлық беттер, буындардың айналасындағы сүйек өсінділері жойылады және имплантаттар орнатылады.І рі буындарды алмастыру бойынша үлкен операциялардың мақсаты, науқастардың өмір сүру сапасын жақсарту, хирургиялық емдеуден және оңалту курсынан өткеннен кейін науқастар буын ауруынсыз өмір сүреді. Бұл операциялар МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады, яғни емдеуге және имплантантқа ақы төлеуге кететін шығындар медициналық сақтандыру қорынан келеді. Біздің ауруханада біз «Stryker» компаниясының американдық протездерін орнатамыз, – дейді Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігері Данияр Жандаев.
Бөлімшеге госпитализация Емдеуге жатқызу бюросының порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз, науқас барлық қажетті сараптамалардан өтіп, тұрғылықты жері бойынша емханадан тексеруден өтеді. Бұл тексерулер көп уақытты қажет етпейді.
-Операция көп күттірмеді, шамамен екі апта. Мен барлық тексерулерді, анализдерді қиындықсыз өз емханамда өттім. 1406 нөмірі арқылы мен жарналарды қалай төлеу керектігін және сақтандырылған емделу ретінде бәрін қалай ақысыз әрі қосымша шығындарсыз алатындығын білдім. Мен өте қуаныштымын, өйткені бұрын науқастар бірнеше жыл кезекте тұратын, содан кейін операция жасату үшін астанаға баруға мәжбүр болды, – дейді қалалық аурухананың емделушісі.
Бас дәрігердің айтуынша, қазір бұл науқас тізе буындарын ауыстырғаннан кейін оңалтудың бірінші кезеңінен өтіп жатыр. Ал, ауруханада қалпына келтіру емі буынның дамуына көмектесетін жаттығулардан және физиотерапиядан тұрады. Мамандар тізе буын жүйесін ауыстырғаннан кейін оның қалпына келуіне үш айдай уақыт қажет екендігін айтады. Алда оңалтудың екі кезеңі бар – ол да міндетті медициналық сақтандыру пакетіне енгізілген және сақтандырылған азаматтар үшін ақысыз.