Шектеу мерзімі ұзартылды
Қостанай облысы тұрғындарына COVID-19 коронавирус инфекциясының өршігенін ескерту мақсатында № 58 қаулыға қол қойылды. Бұл құжатта 2020 жылдың 17 қарашасында енгшізілген шектеу шаралары 7 желтоқсан сағат 00:00-ге дейін созылатыны жазылған.
Естеріңізге салайық, 17 қарашада барлық спорт нысандары, балалар секциялары мен үйірмелері, бүкіл бассейн, демалыс базалары мен санаторийлер жұмысы тоқтатылған болатын. Сондай-ақ, Қостанай және Рудный қалаларына санитарлық бекеттер арқылы ғана медицина қызметкерлерінің және полицейлердің тексеруімен өту міндеттелді. Қос қалаға кіріп-шығу үшін жұмыс орнынан анықтама қажет етілді.
Мұның сыртында, сағат 22:00-ден кейін көшеде жүруге тыйым салынды. Бұл уақыттан кейін барлық тұрғын үйлерінде болуы тиіс. Тіпті такси қызметіне де сағат 22:00-ден 6:00-ге дейін рұқсат берілмейді.