Семейлік сәбиге қайырымдылық жасады
Қостанайдың тумасы, ресейлік танымал продюсер Яна Рудковская сирек кездесетін дертке шалдыққан семейлік Богдан Фединге көмек қолын созды.
1 жасар Богданға жабысқан кесел өте сирек кездеседі – Вискотт-Олдрич синдромы. Бұл дегеніміз – иммунитеттің мүлдем жоғалып кетуі. Балдырғанның өмірін аман алып қалудың бір жолы бар – жілік майын ауыстыру қажет. Алайда халықаралық базада оған сәйкес келетін донор жоқ. Екінші бір амалы – өте қымбат тұратын процедура. Ешқандай трансплантациясыз жасалатын мұндай ота тек алыс шетелдердегі клиникаларда ғана мүмкін.ҚР денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрлігі баланың еміне деп Үндістанға квота бөлген-ді. Бірақ ата-анасы бұл елдің мамандарына сенім артқысы келмепті. Ушықтырып ала ма деп қорыққан. Сондықтан Еуропаға жол тарту үшін қаржы жинай бастайды.
Богданның анасының айтуынша, олар «Instagram» желісінде парақша жүргізетін еріктілердің арқасында демеуші тауыпты.
Яна Рудковская жағдайдан хабардар болысымен көмек қолын созуды жөн көрсе керек. Мәскеуде бәссауда өткізуге бел байлаған. Ауқатты ер-азаматтар Янамен кешкі ас ішу құрметіне ие болу үшін қалта сынасыпты. Нәтижесінде екі адам бірдей жоғары сома ұсынған. Аты танымал сылқым бикеш екеуімен де кешкі асқа барып, бәссаудадан пайда болған 42 мың долларды Богданның шотына аударыпты. Яна – белгілі әнші Дима Биланның продюсері, өзінің қайырымдылығын осылайша көрсетті.
Қазіргі уақытта Богдан анасымен бірге Германияға ұшуға дайындалып жатыр. 255 100 евро тұратын шипаға қолдары жеткен семейлік отбасының қуанышында шек жоқ.