Жарайсыңдар, жігіттер!
Жастар арасында аса үлкен танымалдыққа ие Жайдарман ойынының Жоғары Лигасында «Рудный құрамасы» үшінші орынды жеңіп алды. Бұл – осы ойын тарихында қостанайлықтар қол жеткізіп отырған алғашқы үлкен жетістік.
Әуел баста маусымашардан іріктелген 28 команданың бесеуі ғана финалға жолдама алған болатын. «Biz Birgemiz» тақырыбындағы финал 4 кезеңнен тұрды: сәлемдесу, ширату, командалық биатлон және жұлдызбен көрініс. «Рудный құрамасының» жігіттері астарлы әзілімен және ерекше ойын үлгісімен оқ бойы озып, тек шешуші сәтте ғана есе жіберіп алды.
– Алғашқы үш кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпайды иеленіп, бірінші орында келдік. Алайда, жұлдызбен көрініс кезеңінде басқаларға қарағанда осалдық танытқан шығармыз. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Өйткені, өткен жылы Премьер-лигада вице-чемпион атанып, биыл тұңғыш рет Жоғары лиганың сахнасына шықтық. Көп замандастарым бірнеше жыл осы лигада жүріп, финалға жете алмағандары бар, – дейді команда ойыншысы Қазыбек Нұрғожин.
Көрініс кезеңінде рудныйлықтарға әйгілі айтыскер ақын, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік пединститутының деканы Айбек ҚАЛИЕВ көмектесті. Ол таксисттің рөлін сомдап, қазақ қоғамына тән өзекті мәселелерді жайып салды.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен 2020 жылдағы Жоғары Лиганың чемпионына маңғыстаулық «Боранқұл жастары» лайық деп танылды. Екінші орын оралдық «Грантқа» бұйырса, жерлестеріміз үздік үштікті тұйықтады.
Қуаныш Есқабыл