Ауыл жастарының форумы өтті (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Бүгін Қостанайда ауыл жастарының форумы өтті. Аталған іс-шараға облысқа қарасты әр ауданнан келген белсенді жастар қатысты. Олар есімі елге белгілі еңбек ардагелерімен кездесіп, өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің алғыс хаттарына ие болды.
Бұл форумды "Қостанай облысының ГрИн азаматтық альянсы" мен облыстық әкімдіктің Жастар саясаты басқармасы бірігіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай "25 жұлдызды күн" акциясы аясында өткізіп отыр. Жобаның мақсаты – ауылдың гүлденуіне түрлі салада үлес қосып жүрген жас мамандарды одан ары шабыттандыра түсіп, еңбек жолдарына бағыт-бағдар көрсету. Жиында сөз кезегін алғаш болып Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев алды.-Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына бағыттылған түрлі патроиттық сарындағы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұның бәрі өскелең ұрпақ үшін. Олар егемендіктің маңыздылығын түсінуі керек. Елбасы болашақ жастардың еншісінде екенін әрдайым айтып жүреді. Келешегіміз кемел болуы үшін жастарды отансүйгіштікке баулыған жөн. Дегенмен, сіздер де аға ұрпақтың еткен еңбегі мен төккен терін ұмытпаңыздар. Тарихта талай ауыр кезеңдер болған. Бұл кісілер соның бәрін жеңе білді. Сол кездерде аянбай жұмыс істеп, облыс атағын асқақтатқан еңбек ардагерлерін әманда есте сақтау керек. Мәселен, Алевтина Кузьмина, Сайран Бұқанов, Борис Князев, Кәмшат Дөненбаева сынды еңбексүйгіш аға-апаларымызды әрқашан мақтан тұтып, олардан үлгі алу керек,-деді М.Жүндібаев.
Келелі сөз кезегін Қазақстанның Еңбек ері атағының , "Алтынсарино" ЖШС-ның директоры Борис Князов алды. Көпті көрген қария жастар форумында бар ақылын аяп қалмады:-Мен өзім ауылда туғанмын, ауылда ер жеттім. Өмір бойы берекесі тасып, ырыздығы артқан ауылда тұрып келемін. Ауылдық болғаным үшін менің кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Джордж Вашингтон айтқан керемет бір мысал бар: "Ақын-жазушылар сияқты жыр-дастандар жазу қаншалықты мәртебе болса, жер ананың игілігін көріп, адал тер төгу де соншалықты бағалы еңбек" деген. Осыны түсінген адам ғана жетістікке жетеді. Мен ғұмыр бойына бір рет те болсын өлең-жыр "жазуды" тоқтатпадым. Біздің Алтынсарин ауданының тұрғындары да осы даналы сөзді саналарында бек ұстанған. Әр азамат өз ісімен туған өлкесін гүлдендіруі керек,-деді Б.Князов.
Форум барысында Марат Жүндібаев Қостанай облысының әр ауданында түрлі кәсіпте жемісті еңбек етіп жүрген ең үздік 25 жас маманға өңір басшысы Архимед Мұхамбетовтің алғыс хаттарын табыстап, бағалы сыйлықтар ұсынды.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.