Көгілдір отынға қолдары жетпек
Өңірлерді дамыту бағдарламасына сәйкес, облыста газдандыру мәселесі жоспарға сай орындалуда. Мәселен, шалғайдағы Қамысты ауданында газ проблемасы жақын арада толығымен шешімін таппақ. Көп күттірмей қамыстылық тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Ауданды газбен қамтамасыз етудің екінші сатысы аясында өткен жылы 270 млн теңге игерілсе, биыл ол 800 млн теңгеге жетті. Келесі жылы 750 млн теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа Қамысты-Алтынсарин жоғары қысымды газ құбыры тартылмақшы. Оның жалпы ұзындығы – 60 шақырым. Жоба толық жүзеге асқанда 3000-ға жуық тұтынушы газбен қамтамасыз етіледі.
«Көгілдір отынған жақын маңдағы Бестөбе және Адаев ауылдары қосылады. Бұл жоба біздің аудан халқы үшін өте маңызды», – дейді аудан әкімі Ғазиз Бекмұхамбетов.
Алдағы уақытта ауданда іске асырылатын тың жобалар мен жұмыстар көп. Басты міндет – экономиканың әлсіреуіне жол бермеу. Экспорттық әлеуетті артыру үшін құрама жем дайындайтын цех салынбақ. Аудан экономикасындағы оң өзгерістер бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етуде.
Әлібек Ыбырай