Делегаттар іріктелді
Жас отандықтар Достық үйінде бас қосты. Белсенді буын өкілдері «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі стратегиялық құжатын талқылады. Жиынға қатысушылар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жастар саясатын дамыту ісіне жаңа бағыт беретін жобаларын таныстырды. Сонымен қатар, республикалық съезге қатысатын делегаттар сайланды. «Жас Отан» ЖҚ Қостанай облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Төлетаевтің айтуына қарағанда 10 сәуірде өтетін съездге Қостанай облысынан 71 делегат баратын болды.
Пікір алмасу алаңында жиналған жастар өз ойларын еркін білдірді. Бірі жастардың басқосулары мемлекеттік тілде өтсе екен деген ұсынысын білдірсе, енді бірі мемлекеттік жобалардың жастар үшін тиімділігін сөз етті. Сонымен қатар соңғы 2 жыл ішінде атқарылған жұмыс нәтижелері де талқыланды. Өңірдің белсенді буыны сәуір айында өтетін республикалық съезге өз ұсыныстарымен аттанғалы отыр. Осы сапарға аттанғалы отырған жастың бірі – Насыролла Ахменов. Ол «Жас Отан» ЖҚ қалалық филиалының хатшысы.
–Мен алдағы уақытта Астана қаласында өтетін үшінші съезге алғаш рет қатысқалы отырмын. Сондықтан мен үшін бұл маңызды. Осы жолғы съезге бірнеше ұсыныспен барғымыз келеді. Және де сол съезде жазғы уақытта болатын лагерьлерде кішкентай балалармен жұмыс және педагогикалық жасақтарды құру туралы мәселелерді қозғағымыз келіп отыр, – дейді ол.
Жас отандықтардың қолға алып, атқарып жатқан шаруасы аз емес. Белсенді ұйым екі жылдан бері «Ардагерлерді ардақтайық», «Жастар – Отанға», «Сәтті қадам» секілді игі жобаларды жүзеге асырып келеді. Ал ,«Жастар-Ауылға!» жобасы аясында жүзеге асқан «Кеңес орталығы» оң нәтижесін беріп отыр. Тек Қостанай облысы бойынша 18 айда екі жарым мың жас қажетті ақпар алып, орталықтың көмегіне жүгінген.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.