Нан қымбаттамайды
Қостанайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін тиісті шаралар қарастырылды. Бұған дейін облыс орталығында нан-тоқаш өнімдерінің бағасын көтеру мәселесі әлденеше рет көтерілген-ді. Тіпті, қаланың кейбір сауда нүктелеріндегі бір бөлке нанның бағасы 105 теңгеге дейін жетті. Бұл ретте дүкендерде әлеуметтік нанның шекті бағасы 83-87 теңге шегінде қалуы тиіс. Алайда, барлық жерде олай болмай шықты.
«Нан бағасын арзандату үшін қала наубайханаларын қазір өңірлік тұрақтандыру қорына жетекшілік ететін «Тобыл» ӘКК» АҚ арқылы интервенция түрінде ұн сатып алуға шақырамын. Біз 5 мың тонна ұн қорын жасадық. Кәсіпкерлер үшін бірінші сұрыпты ұнның бағасы 1 келі үшін 120 теңгеден аспайды. Қажет болған жағдайда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тағы бірнеше мың тонна ұн сатып алады. Тұрақтандыру қорындағы көмекті ескере отырып, бір бөлке нанның өзіндік құны 80 теңгеден аспайды», – дейді қала әкімінің орынбасары Мейрам Соқытбаев.
Әлеуметтік нанды «Астықжан», Rauzet, «Солнечный», «Меркурий», «Тамаша», «Особа», «Азия» супермаркеттері мен сауда үйлерінен, сондай-ақ 15-ші дүкеннен және қаланың басқа да шағын сауда нүктелерінен сатып алуға болады. Егер әлеуметтік нанның құны 87 теңгеден асатын болса, тұтынушылар Қостанай облысының Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне хабарласа алады.