Ұтып тұрып, ұтылып қалды (БЕЙНЕБАЯН)
Соңғы жылдары қазақ футболының «Ел классикасы» атанып кеткен «Ақтөбе» мен «Тобыл» кездесуі жайлы жанкүйерлер пікірі алабөтен. «Ақтөбенің» сүреңсіз өткізген алғашқы ойындарынан соң болар, қостанайлық футболсүйер қауым өз командасынан жеңіс күтті. Өкінішке қарай, Огай шәкірттері артылған сенімді ақтамады. Енді «Затоболецте» өткен тартысты бәсеке барысына барлау жасайық.
Жерлестеріміз алғашқы минуттан бастап-ақ тізгінді берік ұстауға тырысты. Қарсыластар қақпасына негізгі қауіп қос қанаттан төнді. Австриялық легионер Томаш Шимкович айып алаңына допты қайта-қайта әуелетумен болды. Ақтөбеліктер, әрине, қорғанып бақты. Ойынның небәрі бесінші минутында «ақ-қызылдардың» қорғаушылары қателесті, доп ойда-жоқта Мухутдиновтың алдына сап ете түсті. Оның тепкен добын әккі шабуылшы Дудченко қақпаға бұрып жіберді. Есеп ашылды.
«Тобыл» жанкүйерлерінің қуанышы тура 20-шы минутта су сепкендей басылды. Ақтөбелік футболшы Кәкімов қарымта шабуылды сәтті пайдаланып, есепті теңестіріп кетті. Осының алдында жартылай қорғаушы Михалев қақпашы Логиновскийдің шеберлігін бір тексеріп, алыстан соққы бағыттаған.
Кездесудің бірінші бөлігінде тең есеп сақталды. Айта кету керек, «Тобылдың» орталық қорғаушылары Самат Смақов бастаған жігіттердің тақымдауына төтеп беріп жатты.
Екінші таймда да ойынға көп өзгеріс енген жоқ. «Ақтөбе» шабуылдаумен болды. Огай бапкер де алдыңғы шепті күшейтті. «Тобыл» капитаны Жұмасқалиевтің орнына шабуылшы Хижниченко шықты. Отарбаев қорғаған қақпаның осал жерін табуға ұмтылған ол да түк бітіре алмады. Есесіне, батыстан келген жас ойыншылар біздің қорғаушылардың әбден берекесін алды. Мақтаулы Кассай да, Дмитренко да қателесті. Қазіргі «Ақтөбенің»үздік ойыншыларының бірі Никита Бочаров өз командасына тағы бір гол сыйлады. Жеке шеберлігінің арқасында алыстан шірене тартып, қақпаның сол жақ бұрышына теңбіл допты топ еткізді. Есеп – 1:2!
Жанкүйерлер қолдауынан соң таблодағы көрсеткішке өзгеріс әкеледі деген футболшылардың жолы болмады. Доп біресе, қақпа бағанасына тисе, енді бірде аспанға ұшып жатты. Бұдан соң Дмитрий Огай алаңға үшінші шабуылшы Н'диайені жіберді. Бірақ, «Ақтөбе» қорғаушыларының салқынқандылық танытып, сауатты шеберлік көрсеткендерін басып айтқан жөн.
Осылайша, «Тобыл» биылғы маусымда алғаш рет ұпай жоғалтты.
Қасқырбай Қойшыманов
Суретті түсірген Айбек Жүзбай