Талғат Молдағалиев: “Нұржан мұрасы – халық қазынасы”

Биыл Тобыл төрінде ақын, сазгер, күйші, балуан Нұржан Нушабайұлы атындағы "Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен" атты республикалық дәстүрлі ән және жыр-терме орындаушылар байқауы үшінші рет өткізіледі. Тақтақ ақын шығармашылығын насихаттау және ұлт өнерін дәріптеуді мақсат еткен сайыстың жыл сайын аясы кеңейіп, ауқымы артып келеді. Осы жолғы додаға қатысты жоспарлар туралы мәлімет алу үшін дарынды өнерпаз, көптеген халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының әншісі, ұйымдастырушылар алқасының мүшесі Талғат Молдағалиевті сұқбатқа тарттық.
– Бұл байқаудың мән-маңызы, басқа жобалардан ерекшелігі жөнінде қандай пікір айтасыз?
– Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы бастамасымен ұйымдастырылып келе жатқан байқаудың басты мақсаты – бабамызды ұлықтау, шығармашылығын ел жүзіне таныту, ұрпаққа насихаттау. Өскелең буын санасына сіңіріп өссе екен деген мұратпен жасалып жүрген дүние ғой. Бір бойына бірнеше өнер дарыған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға, қазақ ән-жырына өз үнін қосқан даланың дара дарыны Тобыл жұртшылығының ғана мақтанышы болмауы керек деп түсінеміз. Нұржанның қай әні де өзге де халық композиторларының туындыларымен бірге дәріптелуі қажет. Ал енді бұл байқаудың басқа жобалардан бөліп алып айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Барлық дәстүрлі ән байқаулары секілді өтеді ғой. Кіл үздікте кім үлдік шықса, сол жеңімпаз атанып, тиесілі марапатын, лайықты қошеметін алады. Жалпы, деңгейі, насихаты тұрғысынан, географиялық масштаб жөнінен әлі де кем түсіп тұрған тұстарымыз бар шығар. Өйткені, қанша дегенмен, Нұржан атындағы байқауды осымен үшінші рет қана өткізгелі отырмыз. Алғашқысы 2019 жылы өтті. 2020 жылы пандемияға байланысты үзіліс жасалды да, екінші рет былтыр ұйымдастырылды. Дей тұрғанмен, уақыт алға жылжыған сайын сайысымыз біртіндеп қанатын кеңірек сермей бастағанын сезінеміз. Ел көлемінен қатысушылар саны мен сапасы, жалпы жұрттың ықыласы арта бастағандай. Осыдан-ақ Нұржан ақын мұрасының халқымыздың асыл қазынасы екенін түсіне беруге болады.
– Биыл бұл байқауда дәстүрлі ән мен жыр-терме бөлек номинацияларға бөлінбек екен. Бұған дейін жалпыға ортақ жалғыз бас жүлде болушы еді. Бұндай шешім қабылдауға не түрткі болды? Қатысушылар тарапынан жасалған ұсыныс па?
– Ия, біз осы жылы терме-толғауларға дәстүрлі әннен бөлек номинация арнағалы отырмыз. Яғни қатысушылар екі аталым бойынша сайысқа түседі. Әр аталымның өз жеңімпаздары анықталады. Бірақ жүлде қорлары бірдей болады. Бәлкім, белгілі бір сазгердің шығармашылығына байланысты өткізілетін басқа өңірдегі байқаулардан ерекшелігіміз осында болатын шығар деп ойлаймын. Мысалы, Жүсіпбек Елебеков атындағы, Әсет Найманбаев атындағы байқаулар өтіп жатады. Онда тек сол тұлғалардың әндерінен ғана өтеді. Ал енді мұндай ұсыныстарды қатысушылар тарапынан естігеніміз жоқ. Бұл – ұйымдастырушылар шешімі. Осының алдында өткізілген сайысқа әйгілі жырау Алмас Алматов ағамыз өзінің шәкірттерін алып келген еді. Олар Нұржанның өлеңдері мен толғауларын Сырдың мақамына салып айтып берді. Ал біздегі мақсат сәл басқаша болатын: Нұржанның өзінің мақам-саздары бар ғой, нұржантанушы жерлесіміз Сыздық Әбілғазиннің үнтаспалары да қолжетімді, солар негізге алынса, тақтақ ақынның өз мақамдары насихат етілсе деген ниет қой біздікі. Терме-толғауларды бөлек номинацияға ұластыру идеясы осыдан туындаған еді.    
– Тағы қандай жаңашылдықтар бар? Сіздің ойыңызша, осы байқауды жетілдіре түсу үшін қандай өзгертулер мен толықтырулар қосқан жөн?
– Әлгінде айтқанымыздай, ән мен терме-толғауды жеке-дара аталымға бөлудің өзі осы жолғы жаңашылдық десек болады ғой. Бірақ бұдан байқаудың түпкілікті мақсат-міндеттерінің, ереже-шарттарының өзгеше болып кетейін деп тұрған ештеңесі жоқ. Әйтсе де бұл шешім сайыстың мазмұнын байыта түсер деген үмітіміз бар. Оның үстіне, қатысушылар саны жыл санап көбейе берер деп сенеміз. Енді, бұдан бөлек, байқауды дамыту үшін құр ән-жыр жарысын өткізе берумен шектелмеуіміз керек деп ойлаймын. Ыңғайы келіп, мүмкіндігі туып жатса, "Домбыра" телеарнасымен хабарласып, олар келіп байқауымызды бастан-аяқ түсіріп алып кетсе, кейін көгілдір экраннан көрсетіп жатса деген тілегіміз бар. Бұл Нұржан Наушабайұлының шығармашылығын үгіттеуге, танытуға, дамытуға керемет ықпал етері сөзсіз. Жалпылай айтқанда, осы жобаны әйгілей түсудің қосымша амалдарын да ойластырған артық болмас деп есептеймін. Оынң сыртында, өздеріңіз білетіндей, Нұржан атындағы байқауға кәсіби деңгейі биік, өрелі өнерпаздар келіп қатысып жатыр ғой. Солардың ішінен жеңіске жетіп, көрермендер көзайымына айналған өнерпаздарды болашақта Қостанайға арнайы шақырып, "Нұржан байқауының жеңімпаздары" деген секілді атпен концерттерін өткізсек те артық болмас па еді… Жалпы, жақсы ойлар, ұсыныс-пікірлер айтыла береді ғой. Бәрі алдағы уақыт еншісінде.
– Біздің өңірдің өнерпаздары өзге облыстардан келетін қатысушылармен тең дәрежеде өнер көрсетуі үшін қандай дайындық шаралары өткізіледі? Оларды іріктеу, шеберліктерін шыңдау үшін қандай қам жасалып жатыр?
– Бұл, шыны керек, кішкене қиындау мәселе. Өзіміздің өңірде қалыптасқан мектеп жоқ. Дәстүрлі ән мектебінен өту деген өз алдына бөлек ғанибет дүние ғой. Дегенмен, аудан-қалаларымызда ұлттық өнер айналасында жүрген бауырларымызға, іні-қарындастарымызға өзіміз білетін азғантай дүниені, олар да білсе екен деп, облыстық халық шығармашылығы орталығының көмегімен, сол ұжымның ұйымдастыруыменен дүркін-дүркін шеберлік сабақтарын өткізіп жүрміз. Бірақ ол да аздық етеді, әрине. Сырттан келетін кәсіби деңгейі жоғарырақ әншілермен терезесі тең тұруы үшін ізбасарларымызға өте көп дайындық керек. Осы тұрғыда тағы да бір мынадай ұсыныс жасағымыз келеді: әлгіндегі халық шығармашылығы орталығы, мүмкіндігі болса, өзіміздің өңірдің өнерпаздары арасында іріктеу өткізіп, ішінен сұрыпталған екі-үшеуін елордадағы "Шабыт" университетіне немесе консерваторияға бірер айлық курсқа жіберіп алса, тамаша болар ма еді. Талапкерлеріміз сол кәсіби оқу ордаларында ізденіп жүрген студенттердің қандай деңгейде білім алып жатқанынан, қандай білікті тұлғалардың алдын көріп жүргенінен, кәсіби тұрғыда ән-жыр орындаудың қыр-сырынан көбірек хабардар болып келер еді. Оның сыртында, жергілікті өнерпаз жастарға шеберлік сабақтарын өткізуге, олармен ашық сұқбат-кеңес жасауға елге танымал тұлғаларды шақырса да көп-көрім пайдасы болар деп есептеймін. Ал, әзірге, жастарымызбен бар білігімізді бөлісіп, жарысқа жақсы дайындықпен шығуына қолымыздан келгенін аянып қалып жатқанымыз жоқ. Тобыл-Торғай намысын қорғауға лайық, талаптың тұлпарын мінген іні-қарындастардан кенде де емеспіз.   
– Өңіріміздегі дәстүрлі ән өнерінің қазіргі ахуалы, бүгіні мен болашағы туралы не айтасыз?
– Дәстүрлі өнер халық бар жерде, қазақ деген ел бар жерде ешқашан өлмеуге тиісті дүние деп санаймыз. Өзіміз де жылына бір рет Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда ән, терме, тоғлауларды қосып, концерттер  өткізіп жүрміз. Бұл да болса, сол ұлттық өнердің дәріптелуіне қосып жатқан азғантай үлесіміз. Дәстүрлі өнерді насихаттау тұрғысынан кемшіліктер де жоқ емес. Ол жалғыз біздің өңірге ғана тән мәселе деуге болмас, республика көлемінде де дәріптеу жағы олқылау түсіп жатады. Оны елге есімі аян, мүйізі қарағайдай танымал әншілер де үнемі айтып-жазып жүр. Қазақстандық телеарналарда да ұлттық өнерді арқау еткен сүйекті бағдарламалар өте аз. Болса да ғұмыры келте болып жатады. Сауын айтылып, жарияға жар салынған ондай жобалар көпке ұзамай тоқтап қала береді. Желісінен жаңылмайтын, ұзақ уақыт жұмыс істеп тұрған бағдарламалар жоқтың қасы. Негізі, ұлт өнерінің дамуы деген мәселеге келсек, дәстүрлі ән де, терме-толғаулар да халық ішінде жетілген өнер ғой, тек соны кейінгі ұрпаққа жақсылап дәріп ету жайы көбімізді толғандырады. Ата-бабаның асыл мұрасын арттағы буынға аманаттап кету – әртістің негізгі міндеті десек, бәрімізді өскелең өнерпаздардың кәсіби деңгейінің биік болуы осы бастан ойландыруы керек… Сол себептен, Нұржан атындағы байқаудың тағы бір миссиясы – ұрпақ бойында ұлт өнеріне деген құрмет сезімін ояту.
– Сұқбатыңызға алғыс айтамыз!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓