Отандық өнімнің өрісі кеңейеді
Қостанайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы президиуымының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен кеңейтілген отырыс болып өтті. Бұған дейін еліміздің он екі өңірінде өткен маңызды шара барысында Тобыл төсіндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, индустриаландыру картасын дамыту және кәсіпкерлік саланы ілгерілету туралы қадау-қадау мәселелер қаралды. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов әлемді жайлаған қаржы дағдарысына қарамастан екінші бесжылдықта атқарар шаруа жеткілікті екендігін айтты. Мәселен, үстіміздегі жылы елімізде индустриаландыру картасы шеңберінде 40 мега-жоба әзірленбек. Оған қандай салаларды қосқан жөн? Мұны облыстық әкімдік жергілікті кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып жоспарлауы тиіс. «Қандай сала болмасын елдің экономикалық даму көрсеткішіне елеулі серпін беретін іргелі жоба болуы керек»,-деп атап көрсетті ол.
Рас, бүгінде әлемдік қаржы саясатындағы дүрбелең Қазақ еліне де оңайға тиген жоқ. Ресей рублінің құнсыздануы отандық өнімдерге өз кедергісін келтірді. Дайын тауарды өткізу мұңға айналып тұр.Мұның бәрі айналып келгенде елдегі өнім өндіруші кәсіпорындардың жұмысына салқынын тигізбей қоймайды. Сондықтан Үкімет қолдан келгенше отандық өнімдерге басымдық беріп отыр.
-Әрине, кез келген салада шешімін күткен мәселе аз емес. Оларды жүйелі түрде шешуге уақыт биігінен қарайтын мезгіл жетті,-деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов, – Біз осы жылдарда 27 жобаны жүзеге асырдық. Облыста жүздеген жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Бірақ, тау-кен өндірісінің көлемі азайды. Тек машина құрастыру саласында да проблема аз емес. Осыны ескеру керек. Бәсекеге төтеп беретін өнім өндіру үшін Үкіметтік шаралар қажет. Өндіріс саласын сауықтыруға мемлекет 20 млрд.теңге бөлді. Ол лизингтік тәсілмен берілетін болды. Көршілес Ресейде автомашина өндірісін жандандыруға 5 млрд.рубль субсидия бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Сондықтан, біздің елге де осындай шұғыл шешім қажет. Бұл қазақстандық экономика секторына елеулі ықпал етер еді.
Отырыста қостанайлық кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының жетекшілерінен жәрдем сұрады.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.