Торғай даласында барлау жұмыстары басталмақ
Торғай ойпатындағы геологиялық барлау жұмыстары биыл басталуы мүмкін. Себебі, аталған өңірде мұнай және газ іздеу жұмыстары үшін "ҚазМұнайГаз" компаниясы мен энергетикалық ресурстар министрлігі арасында келісімге қол қойылды. Барлау-іздестіру жұмыстарын жүргізуге инвестор да табылып отыр. Ендігісі үлкен іске бел шеше кірісіп кету ғана.
Белгілі меценат, кәсіпкер, танымал саяхатшы Сапар Ысқақ-ұлы облысымызға сапары барысында осынау жаңалықпен бөлісті. Оның айтуынша, ауа райы қолайлы болса Торғай даласындағы барлау-іздестіру жұмыстары биыл басталуы бек мүмкін. Егер ауа температурасы бес градус және одан төмендесе геологиялық барлау келесі жылдың сәуір, мамыр айларында жүргізіледі. Аманкелді, Жанкелдин аудандарындағы жер қойнын барлауға жерлес меценат қолдау білдірмек.
– Қолға алғалы отырған шара жемісін беріп, мұнай-газ табылып жатса Торғай өңірі өркендеп, экономикалық көрсеткіші де жақсарады. Өзге де инвесторлардың келуіне мүмкіндік туады. Бұл жобаға қытайлық, еуропалық және американдық инвесторлардың қызығушылық танытарына се-німдімін, – деді кәсіпкер С.Ысқақов.
Торғай өңіріндегі алғашқы барлау жұмыстары өткен ғасырдың отызыншы жылдары іске асырыла бастады. Ал 1982 жылы Кеңес үкіметі тұсында Оңтүстік Торғай ойпатында геологиялық барлау жұмыстарының кешендік бағдарламасы әзірленген болатын.
Қымбат
ДОСЖАНОВА