Қос нысанға күтім керек
Қаламыздың көркіне айналған "Спорт сарайы" мен "Бассейн" аквапаркі уақытынан бұрын толық жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі Н. Садуақасов қос нысанның мүшкіл күйімен танысып қайтты.
Спорт сарайы 2002 жылы бой көтерген болатын. Сол кездің өзінде-ақ құрылыс барысында қателіктер жіберілген. Негізі әр бұрышта ауа ай-датқыш болуы керек. Бірақ, ол жоқ. Енді соның кесірі тиіп, жөндеу жұмыстарын талап етіп отыр. Ғимарат директоры Н. Панин облыс әкіміне күрделі жөндеуге қанша қаражат қажет екенін есептеп берді. Бұл 270 миллион, қосымша компрессор цехында қосалқы бөлшектерді ауыстыру керек. Бұл да осынша қаражатты талап етеді. Спорт сарайының төбесі шіріп, су ағып тұр. Ауа айдатқыш дұрыс жұмыс істемейді. Ойын барысында тұманданып кететін кездер де аз емес.
– Бізге жылына 62 млн. теңге бөлінеді. Оның 22 млн. спорт сарайы өзі қаржыландырады. Бірақ бұл бізге жетпейді. Бір жылда электр жарығына 18 млн. теңге жұмсайды екенбіз. Егер бюджеттен қосымша 10 млн. үстеме бөлінсе көмек болар еді. Қаражат бөліп, жаз айларында жамап-жасқап жөндеу жүргізген болдық. Бірақ одан жағдай жақсарып тұрғаны жоқ, – дейді спорт сарайының директоры Н. Панин.
Қазір мемлекетте жүріп жатқан жекешелендіру кезінде саудаға Спорт сарайы да шығарылды. Бірақ жекеменшігіне аламын деп көздеп отырған кәсіпкер жоқ. Десе де облыс әкімі әлі де үміт үзбеу керектігін ескертті.
Осындай мүшкіл күйге түскен нысанның бірі – қалалық аквапарк. Балалардың сүйікті орнына айналған қауыздың да төбесі шіріп, күрделі жөндеу-ге зәру. Бұл да құрылыс барысында жіберілген олқылықтардың кесірінен туындаған жағдай. Ғимарат 2005 жылы салынса да уақытынан ерте жөндеу күтіп тұр. Мұнда да төбе шіріп, жарлар сызданып, көгере бастаған. Осының кесірінен іштегі ауа температурасы тиесілі көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Судың жылуы 25-28 градусты көрсетудің орнына бар болғаны 10 градусты көрсетеді. Қауызға келушілердің саны төмендемесін деп жағалай жылытқыштар қосылып тұр.
– Келушілердің саны жылдан жылға өсуде. Егер нақты айтсақ, жыл сайын 20 пайызға артып келеді. Демалыс кездерінде келушілер көбейеді. Осының арқасында қаражат тауып отырмыз. Билет бағасын да былтыр өсірген болатынбыз. Оның сыртында қосымша залдар бар, – дейді директоры Б. Қитаров.
Облыс әкімі Н. Садуақасов бұл ғимаратты да кәсіпкерлердің назарына ұсынуды тапсырды. Бірақ сатып алушы табылмай тұр. Сондықтан, екі спорт ошағы да күрделі жөндеуге қаражат күтеді.
Айтолқын
Айқадамова