Инвестициялық бағдарламаның ықпалы зор
Қала әкімдігі аппаратының кеңесінде күн тәртібіне қойылатын маңызды мәселенің бірі – тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету. Себебі, халықтың мұқтажы есептелетін игі іс жыл бойы әкімдіктің бақылауында.
Алқалы жиында "Қостанай-Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы А.Корсунов бүгінгі жағдайды егжей-тегжейлі баяндады. Өткен маусымда сумен қамтуда ешбір қол байлау болмағанын тілге тиек етті.
Биыл да осы қарқын сақталмақ. Бұған былтырғы жылы атқарылған игі істер ықпал етті. Инвестициялық бағдарламаның пайдасы ерекше тиді. Әсіресе, құбырларды, су соратын насостарды және жабдықтарды ағымды және күрделі жөндеу жоспары бір жүз пайызға орындалды.
Жалпылай алғанда, күрделі жөндеу жұмыстары суды тазартқыш технологиялық құбырларды қалпына келтіруге бағытталды.
Алмастырылған құбырларға жұмсалған қаржы төрт жүз қырық алты мың теңге болды.
Канализация жүйесі де ұмыт қалмады. Гагарин мен 1 май көшелері аралығындағы канализацияны қалпына келтіруге үш миллион теңгеден астам ақша бөлінді.
Қаладағы екінші көтермедегі стансаның ( Д3200/75 насосы) жабдығын, 800 кВт / 1000 маркалы электр бұйымын жөндеуге 14,5 миллон теңге жұмсалды.
Техниканың қуатын арттыруға да мән берілді. 26,5 миллион теңгеге "ЕК – 14-90" дөңгелекті экскаватор және топырақ тиегіш экскаватор және " УАЗ" автокөлігі сатып алынды.
Алдағы маусымға әзірлік ерте басталды. Ауыз сумен үзіліссіз қамтамасыз ету – үлкен міндет. Қыстың қақаған аязды күнде-рінде су құбырлары тесіліп, бүлінбеуге тиіс. Соған байла-нысты аяқ астынан орын алатын апатты жағдайлардың алдын алу шаралары белгіленді. Ағымды жөндеу жұмыстарының жоспары жасалды. Бұған жұмсалатын қаржы жетпіс жеті миллион теңгеден асты.
Күрделі жөндеу жұмыстарына инвестициялық бағдарлама қаражатын жұмсауға шешім қабылданды. Бұған бөлінген ақша 109,1 миллион теңгені құрады.
№ 5 және №8 шағын аудандардағы судың құбыры осы инвестициялық қаржы арқылы алмастырылды. Суды соратын насос жабдығын жаңарту күн ілгері жоспарланды.
Жалпылай алғанда, кәсіпорындағы су құбырының ұзындығы 504,4 шақырымға созыл-ған. Соның сексен пайыздан астамы ескірген. Бірінші шілдеге дейін ұзындығы үш шақырымдық құбыр жөнделді. Гидротораптар учаскесіндегі жабдықтар, суды тазартқыш қондырғылар да уақытылы жөнделді.
Бюджет қаражаты тиімділікпен пайдаланылады. Қаражаттар үстіміздегі және келер жылға арналып бөлінген. Баймағамбет су қорындағы Бауман көшесіне дейінгі су тазартқышын қайта қалпына келтіруге 622,3 миллион теңге бөлінген. Биылғы жылы соның 244,4 миллион теңгесі игерілді. Сібір көшесінен Досжанов көшесіне дейінгі қондырғыларды жөндеуге бөлінген ақша – 621,4 миллион теңге болса, соның 287,5 миллион теңгесі жұмсалды.
Айта кету керек, суды тазарт-қыштарды жаңартатын уақыт туындады. Соған байланысты "Казводоканалналадка" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Ақ бұлақ" бағдарламасы бойынша жаңа құрылыстар салу жоспарын жасауда. Оның болашағы үлкен.
"Қостанай Су" кәсіпорнының күшімен жазда канализацияларды тазарту сәтті өткізілді. Ұзындығы сегіз шақырымға созылған канализация толық тазартылды.
Бюджеттің қаражатымен канализация жүйелері қалпына келтірілді. Бұл істер келер жылы да жалғастырылады. Сол себептен әлі де алты жүз жеті миллион теңге қажет.
Биылғы жылы Фролов көшесінің Баймағамбетов көшесімен шекаралас тұсындағы, Сьянов пен Шевченко көшелері аралығындағы коллектор, Маяковский көшесіндегі, Гашек және Волынов көшелері аралығындағы қондырғылар тиісінше қалпына келтірілді.
Ескерте кетейік, ара-тұра болса да апаттық жағдайлар орын алуда. Мұның себебі, құбырлар тым ескі. Қанша жамап, жасқағанмен құбырлар тесіліп қалады. Соған байланысты жөндеуге қаражат көп кетеді.
Кәсіпорынның қаржылық-экономикалық жағдайы тым ауыр. Ауыз судың бір текше метрге есептегендегі орташа тарифы 66,83 теңгеге жетті. Бірін-ші маусымға дейін техникалық судың тарифы 5,6 теңгені құрады. Сонан кейінгі тариф 10,50 теңгеге өсті.
Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылында кәсіпорын 49,7 миллион теңге шығынға ұшырады. Соның ішінде негізгі қызмет бойынша шығын 46,3 миллион теңге болды.
Нақтылап айтқанда, шығын бірнеше жағдайға байланысты орын алады. Кәсіпорынның балансына негізгі қаражаттар күр-делі жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары атқарыл-ғасын беріледі. Қолға тиген қаражаттар салық төлеуге және басқа да төлемдерге жұмсалады.
Суретте: су құбырларын айырбастау сәті.
Суретті түсірген
Бағдат Ахметбеков.