Еңбегі еселі есепші
Бүгін,10 қараша – Дүниежүзілік бухгалтерлер күні! Ерекше біліктілікті қажет ететін есепші мамандығына бәрінің бірдей жүрегі дауалай бермейтіні шын. Ал осы қызметтің қыр-сырын бес саусағындай меңгерген, өскелең ізбасарларға өнеге етіп көрсетуге болатын тәжірибелі бухгалтерлер өңірімізде аз емес. Сондай жандардың бірі – Бәтіш Баекенова.
Бәтіш Жәлелқызы саналы ғұмырының 32 жылын осы мамандыққа арнапты. Сондай-ақ, бар маңдай тері қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық "Қостанай таңы" газетіне сіңген.
"1984 жылы осы редакцияның табалдырығын аттағаннан бастап, газеттің басынан өткен барлық қиын-қыстау кездерді куә болдық. Бірлігі мығым ұжыммен бірге әйтеуір барлық қиыншылықтан өттік қой. Ең бастысы, өз қызметіңе адал болсаң, азды-көпті нәпақаңды айырып отырған жұмыс орнына әрдайым алғыс сезімімен, жанашырлықпен қарасаң, әріптестеріңе деген сый-құрмет, көзқарасың түзу болса, абырой сенен алыстамайды. Ең бастысы, өзің адал, тәубешіл, еңбекқор болуың керек", – дейді апамыз.
Шынымен де, Бәтіш апамыздың кейінгі толқынға мамандық тұрғысынан да, өмір тәжірибесінен де тағылым қылып айтары аз емес. Не дегенмен, аумалы-төкпелі кезеңдерде бір ұжымды есебінен жаңылдырмай, меселінен түңілдірмей өткен білікті мамандардың санатынан ғой. Қазіргі таңда Бәтіш апамыз құрметті еңбек демалысында. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.
"Өзім Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Майқайың ауылында туғанмын. Әйткенмен, өмірімнің көп бөлігі Қостанай өткендіктен, Тобыл топырағы жаныма ерекше ыстық. Қазірдің өзінде Қостанайды сағынсам, сол күні-ақ пойызға отыратын кездерім болады. Өйткені, осында тұрмыс құрдым, еңбек жолымды Қостанайдағы кондитер фабрикасында бастап, "Қостанай таңы" газетінде бухгалтер болып аяқтадым, үбірлі-шүбірлі болып, немере иіскедім. Өзімді бақытты жан санаймын", – деп тебіренеді Бәтіш Жәлелқызы.
Таяуда апамыздың жасы 70-тің жотасына шыққалы отыр. Аяулы ана, ардақты әжеге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, ана бақытын тілейміз!