Ауылға апарар жол
Қостанай облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 18,6 миллиард теңгеге 37 жоба жүзеге асырылуда. Жиырма жоба жыл соңына дейін тапсырылады деп жоспарланған. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.
2020 жылы облыстық және аудандық маңызы бар 465 шақырым жол жөнделуі керек. Бағдарлама аясында басталған 37 жобаның 17-сі келер жылы аяқталады. «Бүгінде аудандық, облыстық маңызы бар бірқатар учаскедегі жұмыстар аяқталған. Атап айтқанда, Қостанай ауданында Озерный және Шеминов ауылдарының арасы, Науырзым ауданында Қарамеңді-Раздольный-Аралкөл бағыты, Бейімбет Майлин ауданында Тобыл-Әйет-Красносельский-Набережный жобасы, Жітіқара-Қамысты-Лиланов жолы, сондай-ақ, Сарыкөл ауданының Урожайный және Қоскөл-Комсомольский ауылдарына кіреберістер жөнделген», – деп атап өтті Қостанай облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Алексей Костюков.Көптен айтылып жүрген жол мәселесі шешілгеніне ауыл тұрғындары дән риза.
«Аудан орталығы Әйет пен біздің ауылдың арасы төрт-ақ шақырым. Жол жөнделмей тұрғанда осы екі аралыққа 15 шақырым жүргендей уақыт кететін. Биыл тақтайдай жол төселді. Рақатын көріп отырмыз», – дейді Красносельский ауылының тұрғыны Еркін Зейнелов.Айта кету керек, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жергілікті маңызы бар жолдарда 500 шақырымға жуық жаңа асфальт төселеді.
Атқарушы билік өкілдері қазіргі жөндеу қарқынынан кейін облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі кемінде 75% жетеді деп отыр. Республикалық маңызы бар жолдар да жаңартылады. Биыл оған 15,5 млрд теңге бөлініп, бүгінге дейін 6,5 млрд теңгесі игерілген.