Оқушылардың үй тапсырмасы қысқартылды
ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Республиканың мектептерінде үй тапсырмасын ұйымдастыру және орындау жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтар бекітілді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 2017 жылғы 24 сәуірде ҚР Білім және ғылым министрі Е.К. Сағадиев № 182 бұйрығымен республиканың мектептерінде үй тапсырмасын ұйымдастыру және орындау жөніндегі әдістемелік нұсқаулықтарды бекітті. Бұл ұсыныстардың негізін "Ақпараттық-талдау орталығы" АҚ өткен жылғы сәуірден желтоқсанға дейін іске асырылған жобасының нәтижелері құрады.
ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Ж.А.Жонтаева, басқарма басшысы Т.Ж.Жакенова, бас сарапшылар А.А.Кемалова және Б.А.Қабатовалардың жетекшілігімен жарты жыл бойы ұсыныстар ведомстволық бағынысты ұйымдармен, өңірлердің мектептерімен жан-жақты талқылаудан және ресми веб-сайттар арқылы дауыс беруден өтті.
Қазақстандық мектептердің тарихында алғаш рет бейінді ведомстволық деңгейде еліміздің оқушыларының үй тапсырмасын мөлшерлеу әдістемесін қамтитын құжат қабылданды. Біз Әдістемелік нұсқаулар оқушылардың оқу жүктемесін төмендететін, олардың өздік жұмысқа ынтасын және жалпы алғанда үлгерім сапасын арттыратын әрекетті құрал болады деп үміттенеміз.