Ұлттық байқаудың үздіктері
Биылғы конкурстың екінші кезеңіне 90-нан астам отбасы қатысты. Ұйымдастырушылар олардың арасынан 20 әулетті іріктеді. Байқаудың облыстық кезеңі Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияда өтті. Марапаттау рәсіміне Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
– Ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиелеудегі салт-дәстүрлері халқымыздың асыл қазынасына айналды. Ел ішіндегі бірлік отбасынан басталады. Өмірдің өзі дәлелдеп берген шындық осы. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен елміз. Мемлекеттің табысы әр шаңырақтағы шаттықпен өлшенеді. Сондықтан елімізде отбасы институтының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Елбасының қолдауымен өтіп жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы – осының дәлелі. Бұл байқаудың жылдан жылға қадірі артып келеді, – деді өңір басшысы.
Ұйымдастырушылар алқасының ұйғарымымен қатысушылар «Өнегелі отбасы», «Парасатты отбасы», «Мерейлі отбасы» аталымдары бойынша топтастырылған. «Өнегелі отбасы» аталымында облысқа белгілі өнерлі жұп Қадыр және Майра Қаржауовтар марапатталды. Ал «Парасатты отбасы» аталымында Семагиндер шаңырағының (Таран ауданы) мерейі үстем болды. Сонымен «Мерейлі отбасы» аталымында арқалықтық Алматовтар отбасы жеңіске жетті. Облыс әкімі жеңімпаздарға 300 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Бұл қаржы тұрмыстық заттар сатып алу үшін беріліп отыр.
– Жұбайым Гүлжан Фазылжанқызы екеуміздің отбасын құрғанымызға 58 жыл толды. Бүгінде 8 баладан 16 немере, 5 шөбере көріп отырмыз. Бізді осындай жағдайға жеткізген ұлттық тәрбиенің арқасы. Дастархан басында салт-дәстүр, бірлік туралы жиі айтып отырамыз. Біздің мемлекетіміз нығаю үшін халқымыз көбею керек. Сондықтан жастар әр отбасында кем дегенде 4-5 бала болуы тиіс, әр баланың өзінің несібесі бар. Отбасы тұрақты болса, мемлекеттік құндылықтары сақталады, – деді жеңімпаз отбасының отағасы, белгілі өлкетанушы Орекен Алматов.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.