Айнадай жарқыраған Чехов көшесі
Сол күні осы аталған көше бойы үрдіс қимылға толы болды. Қолына күрек ұстаған жұмысшылар да, әртүрлі техника жүргізушілері де қарбаласып жүр. Сонау көктемде бұл Чехов атындағы көшенің шаңы шығып тұратын. Арадағы үш, төрт айда асфальт төселіп қалыпты.
– Міне, мына жігіттер – нағыз шебер мамандар. Атқарып жатқан істеріне қалай риза болмасқа, – деді Николай Лобанов.
Таныса келе білдік, бұл кісі "АБЗ плюс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры екен. Николай Александрович ашық, көңілді азамат. Бірден жұмысшылар туралы жылы лебіз білдіруінің өзі білікті басшы екенін байқатты.
– Бүгін астаналық бақылаушылар келмек. Әріптестеріме айтып едім, олар еңбек көрігін бұрынғыдан да қыздырып жіберді, – деп Николай Лобанов ағынан жарылды. Тілдесіп тұрғанымызда орысша ғана емес, ептеп қазақша білетінін байқатты. Бастықпын деп шіренбей, жол құрылысының тыныс, тіршілігін кеңінен баяндады.
Чехов атындағы көшені қалпына келтіру ерте көктемнен басталыпты. Ұзындығы тоғыз жүз метрден астам көшенің жеті жүз метрі асфальтталыпты. Енді 185 метр аралықты таяу күндері қалпына келтірмек.
Прораб Данияр Мұхамбетовтен де көп жайға қанықтық. Мұнан бірер жыл бұрын бұл жігітпен кездескенбіз. Сонан бері Қостанайдың жол құрылысында жемісті еңбек етуде. Енді қаланың орталық көшесінің сәнін келтіруде.
– Он адамнан құрылған бригада уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Айта кету керек, мамандар – шыңдалған азаматтар. Көбісі қазақ жігіттері, – деді Данияр Мұхамбетов.
Қар ерісімен бригада ескіріп, азып-тозған көшені қалпына келтіру жоспарын жасады. Шұрқ–шұрық тесіліп, ойылған асфальт сыпырылып алынды. Сосын жаңа асфальтты төсеу қамын кірісті.
Көше бойы теп-тегіс етілді. Мұнан кейін құм төселді. Ендігі міндет екі қабаттап асфальт төсеу. Бұл белгіленген шараның нағыз жауаптысы. Нақтылап айтқанда, бірінші қабатына төселетін асфальт он екі сантиметрге жуықтайды. Үстіңгі қабаттың қалыңдығы он сантиметрден кем болмауға тиісті.
Жол құрылысы учаскесін аралап жүргенде толып жатқан техниканы көрдік. Бұлар – құм, қиыршық тас тиегіштер, автогрейдерлер, асфальт те-гістегіш, жүк көтергіш және басқалары.
Негізінде, көшеге асфальт төсеу, жан-жағын тегістеу және әсемдеуге үш жыл уақыт беріледі. Былтырдан бері Чехов атындағы көшені жөндеуге "АБЗ плюс" серіктестігі ерекше мән берді. Келер жылы да олар осы көшені жаңғыртумен айналыспақ. Көшенің шет жақтарына бордюрлер салынады. Темірден немесе бетон тастан шарбақтар қойылады. Жаяу жүргінші жолын салу да ұмыт қалмайды.
Евгений Дүзеновтің мамандығы – геодезистік. Бұл – өлшегіш камерамен атқарылатын жұмыс көлемін белгілейтін құрал. Мәселен, асфальттың астыңғы қабатына қандай қалыңдықпен құм, қиыршық тас төсеу қажет екенін Евгений Шәріпұлы зерттеп, құжаттайды.
Біз жол құрылысы учаскесінен аттанғанда кешкі құрым еді. Қызу еңбек сол кезде де саябырсымады. Уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген жігіт-тердің қимылы ширақ-ақ.
Суреттерде: "АБЗ плюс" серіктестігінің бас директоры Николай Лобанов мамандармен кеңесуде; құм себуші жігіттер.