Қостанай қаласының алғашқы картасы табылды

Көне карта Ресейдің мемлекеттік тарихи архивінде сақталып келген. Бірақ ол патшалық Ресей тарапынан ресми бекітілмеген. Бұл туралы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Батырхан Жұмабаев алғышқы болып хабарлады. Енді алдағы 1 наурызда музейде Санкт-Петербург қаласындағы Ресей мемлекеттік тарихи архивінен алынған 1896 жылғы Қостанай қаласы картасының тұсаукесері өтеді.
–Санкт Петербург қаласындағы мемлекеттік архивте көп құжат сақталған. Қостанай қаласына арналып жасалған карта да сол жерден табылды. Негізі, картаны арнайы іздеп бармадық. Жұмыс барысымен, өзге де ғалымдармен бірігіп барған болатынбыз. Біз үшін бұл айтарлықтай жаңалық болды. Жәдігер төл тарихымызды зерттеп жүргендерге де, еліміз үшін де өте құнды дүние. Әсіресе, Ресей тарапынан дау-дамай болып жатқанда біздің жерімізді Ресейдің жері деп жүргендерге ғылыми тұрғыдан дәлел болатын құнды дерек. Картада бәрі де жазылған. Қала салынбас бұрын қаланың ескі атауы да, кейін Кустанай емес, Қостанай болып өзгергені де көрсетілген. Бірден ақшасын төлеп, скриндеп алдық. Түпнұсқасы сол архивте қалды. Өкініштісі, бұл карта бекітілмеген. Енді  Омбы, Орынбор деректеріне барып, осы картаның төл тарихын әлі де зерттеуді жоспарлап отырмыз. Архивтерден толық құжаттарды алып, осы картаның бекітілмеу себебін зерттесек дейміз. Егер карта сол кезде бекітілгенде қаншама жер өз еншімізде қалар ма еді, – дейді музей басшысы Батырхан Жұмабаев.
Картаны 1896 жылы арнайы тапсырыспен Белоглазов деген атақты картогроф жасатқан. Оны Тобыл өңірін мекен еткен Тұрымбай Толыбаев, Осман Алтынсарин сияқты қазақтың байлары бекітіп, таңба қойған. Қостанайдың жер аумағын анықтап, белгілеп алуға тұрғылықты халықпен қоныс аударғандар арасында қақтығыстың жиілеп кеткендігі себеп болса керек. Картада Троицкіден бастау алып, Науырзым, Торғайға тартылатын темір жол желісі, 19-ғасырдың аяқ кезінде Қостанайда қанша адам өмір сүргеніне дейін тәптіштеп жазылған. Олардың әлеуметтік статусы, көшелері, үй-жайлары да көрсетілген.
 
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓