Абыройы биік тұлға

мемлекет және қоғам қайраткері Кенжебек Укин туралы сөз

Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын-қыстау, былайғы сөзбен айтқанда, өліара шақта Қостанай аймағын басқару Кенжебек Укинге бұйырыпты. «Бұйырыпты» деп айтуымыздың да жөні бар. Осы өңірді белгілі қайраткер Сағалбай Жамбаевтан кейін 37 жыл аралығында бірде-бір қазақ азаматы басқармаған екен. Тәуелсіздік алған тұста жергілікті ұлт өкілдерінің ел басқаруына үлкен жол ашылды.8f41d468-e315-4007-86e6-acd38fbdf00c
 
Құрметті азамат – құрметті демалыста
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қостанай облысының құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, елдің абыз ақсақалы Кенжебек Үкіұлын өңірімізде білмейтін жан кемде кем. Биыл 80 жасқа толып отырған құрмет иесі кеңестік қоғамның да, тәуелсіз Қазақстан қоғамының да міндеті батпандай, жауапкершілігі зор сатыларынан өткен тұлға. 
Кенжебек Укин қай қызметте отырса да, өзін тек адал қырынан көрсете білген жан. Өзіне артылған жауапкершілікке өте зор сеніммен қарады. Ол кісі үшін қызметтің үлкені мен кішісі деген ұғым жоқ, қызметтің аты – қызмет! Ең бастысы сол қызметіңде алдымен темірдей тәртіп болу керек. 
Соңғы он бір жыл бойы облыстық ардагерлер кеңесін басқарған абыз құрметті демалысқа кетіп барады. Осы он бір жылда Кенжебек Үкіұлының бастамасымен сұрапыл майдан жылдарын көз алдыңа әкелетін қаншама толағай жұмыстар атқарылды – боздақтар есімдері циклды кітаптарға енді. 
Аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы күні қарсаңында мемлекет және қоғам қайраткерінің зор еңбегін атап өтіп, абызға сый-сияпат көрсетті.    
«Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға».
Ақын Мұхтар Шахановтың осы бір өлең жолдары Кенжебек Үкиндей азаматтарға арналса керек. Бала болып, балалықтың қызығын көрмеген, ата-анадан ерте айырылған оны кеңестік дәуір ерте есейтті. Бір жағы Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан шақта дүниеге келген, екінші жағы елдің еңсесі аштық, саяси қуғын-сүргіннен бас көтере алмай тұрған шақ бұл. Кенжебек Үкіұлы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Қойтас ауылында дүниеге келген. Бұл өңір:
«Алтайға жер жүзінде тау жоқ жеткен,
Алтайға бетегедей алтын біткен.
Бейіштей алтын Алтай етегінде,
Ертеде алаш елі мекен еткен», – 
деп атақты Мағжан ақын жырлағандай, табиғаты көз тартар жер. 
    1962 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдап, еңбек жолын Күршім ауданында мұғалімдіктен бастады. Оқу ісінің меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің екінші, бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметтеріне дейін көтерілген Кенжекең Күршім аудандық комитеті партиясының бөлім меңгерушісі, Тарбағатай аудандық комитеті партиясының екінші хатшысы бола жүріп, Зайсан, Глубокое, Күршім аудандарында басшылық қызметтерді атқарды, Шығыс Қазақстан обкомының екінші хатшысы лауазымына дейін көтерілді.  b9d5eca7-6c4d-4877-8195-87a0107d8d76
    
    Киелі Тобыл-Торғай топырағында
    Кенжебек Үкіұлы 1987 жылы Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болып келгеннен бері кіндігі осы өңірге байлаулы. Арасында Торғай облысын басқарды. Осы елде отыз жылдан астам мекен етіп, бүгінде ел таныған абызға айналып отыр.
    Әсіресе, сонау кеңестік биліктің қабырғасы сөгілген тұста өңірді экономикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық жағынан да көтеріп алып жүретін басшы керек болатын. Осындай қысылтаяң шақта Тобыл аймағын басқару тізгінін Кенжебек Үкин ұстады.     
– Осы елге мамандарды жақсы таңдай білетін, екі тілде еркін сөйлейтін, халықпен етене тіл табысып кете алатын басшы қажет болды. Бастысы ұлттық кадр мәселесін шешу жағын да қарастыру керек. Қарап отырсам, өзімнің де шыққан ортам қазақ-орыс тілді. Бұған дейін облыс басқару қызметтерін атқарған жанмын. Көп ұзамай, аудан-қалалардың бірінші басшыларын 50 пайызға жергілікті ұлт өкілінен тағайындадық. Сол азаматтардың барлығы да артқан сенімді ақтады. Қазір өздері де ел ағалары болып сый-құрметке бөленіп отыр. Одан бөлек, күн тәртібіндегі шаруалар, жиын-мәжілістерді біртіндеп қазақ тілінде өткізуді бастадық. Бұл әлдекімдерге ұнамады. Бірақ біз тәуелсіз елміз, бұдан былай ешкімнің қол астында емеспіз. Өз тіліміз, өз тарихымыз бар, соны елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдері ұғынатын кез келді деген түсінік қалыптастыра бердік, – деген еді бір әңгімесінде.
    Кенжебек Укин Қостанай облысын басқарған жылдары Беларусь Республикасымен  
тікелей байланыс орнатып, тауар алмасу келісімдеріне қол жеткізді. Өңірімізге ауыл шаруашылық техникаларын әкелуге жағдай жасалды. Республикада алғаш болып өңірімізде «Алтын дән» ауыл шаруашылық биржасы құрылды. Рудный қаласында тері өңдеу зауыты ашылды, басқа да кәсіпорындардың құрылуына мұрындық болды.
    Қостанай педагогикалық институтына университет мәртебесін беру туралы үкімет шешімінің шығуына тікелей атсалысқан адам – Кенжебек Үкіұлы. Сонымен қатар, осы ағамыздың тұсында Қостанай ауыл шаруашылығы институтында мал дәрігерлік факультет ашылды. Облыстық теле-радио компаниясының орталығы бой көтерді. Облыста тас жолдардың салынуы да ол кісінің атқарған зор еңбегінің бір парасы.ee70233d-cb16-4dd4-b39d-cb73822f985a
  
 Өнерді түлеткен, көне тарихты сөйлеткен 
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары халық ұлттық өнерімізге сусап отырған еді. Әсіресе, қазақтың үлесі аз Қостанай өңірін рухани тұрғыдан қолдау аса қажет болды. Жұртшылық Наурыз тойы, айтыс, ас беру, мүшәйрадан бастап, басқа да салт-дәстүрді ұмытудың алдында болғанын несін жасырамыз. Сол бір өңіріміз рухани мүшкіл шақта Кенжекең өзінің бар қажыр-қайратын елдік мұраларды жаңғыртуға жұмсады. Ыбырай Алтынсарин кесенесі мен мұражайының салынуына, облыстық филармонияның көшірілуіне зор үлес қосты.    
Сол тоқсаныншы жылдардың басында өңіріміз құрамы жағынан шағын болса да, үлкен бір өнер ұжымымен толықты. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген өрімдей жас таланттардан құралған «Ақжелең» ұлт-аспаптар ансамблі құрылды. Кенжебек Үкіұлы осы жастардың бірден-бір қолдаушы әрі жанашыры болғаны бір бөлек, бүгінгі күні ансамблдің алдында, қазақ өнерінің алдында зор құрметке ие. 
Ағамыз – шығармашыл адам. Қолына домбыра алып, күйді төгілтіп-төгілтіп тастайтынын талай көрдік. Айтпақшы, Алматыда оқып жүргенінде Кенжебек ағайымыздың өзі үлкен оркестрде домбыра тартыпты. Естияр, зерек болғандығы шығар – бала күнінен естіген-көрген, білгендері жайында айтып та, жазып та отырады. Мәселен, «Бейсембі күйші һәм баукеспе», «Күнтуар бақсының қобызы», «Ел үшін туған азамат» деген танымдық-тағылымдық тақырыптарды жазудан хабары бар адам ғана қозғайтыны анық. Бірде маған Ақтөбеден бір азамат хабарласты. «Ертеректе «Егемен Қазақстан» газетінде Кенжебек Укиннің «Күнтуар бақсының қобызы» деген мақаласы жарық көрген еді, сол мақаланы қайдан тауып алуға болады?» деп. Қарап отырсақ, ақсақалымыздың республикадағы көзі қарақты оқырман қауымға да кеңінен танылғаны емес пе.
Бүгінгі ел басқарып жүрген азаматтар Кенжебек ақсақалға қарап бой түзейді десек, артық айтқандық емес. Көргені мол, тәжірибесі ұшан-теңіз, сөзге шешен, қай әңгімені де өмірмен ұштастырып, өткен тарихтан естеліктер келтіріп  отыру – абыз ақсақалымызға тән қалып. 
Облыстық «Қостанай таңы» газетінің ұжымы басылымымыздың жанашыры, ел ағасы Кенжебек Үкіұлына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейді. Кейінгі жас буынға ақыл-кеңесін беріп, үлгі-өнегесін көрсете берсін дейміз.68b57349-e0f5-44bd-9891-d309f43021ce
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ 
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓