Жас ұландардың жеңісі
Жуырда Түркістан қаласында еркін күрестен 2001-2002 жылы туған жасөспірімдер арасында ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Х.Аққалиевті еске алуға арналған республикалық турнир мәреге жетті. Осы жарысқа қа-тысқан қостанайлық жас палуандар олжалы оралды. Мәселен, 42 келі салмақта сынға түскен Бекзат Мұхамбетов жеңіс тұғырына көтерілсе, 54 келі салмақта Ақжол Қияқ та турнир чемпионы атанды. Сондай-ақ, 76 келіде жарыс кілеміне шыққан Сағындық Есенов те қарсыластарына дес берген жоқ. Ал Данил Серов жарыстың қола жүлдегері атанды.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Намысты қолдан берген жоқ
Ақтөбе қаласында грек-рим күресінен 1995-1997 жылы туған жастар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Е.Ба-тырғаринді еске алуға арналған республикалық турнир аяқталды. Аты аталған турнирде Қостанай балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері Саркис Пшеничников, Темірлан Шадуакаев және Талғат Жиентаевтар өз салмақ дәрежелері бойынша "алтыннан" алқа тағынды.
Марина – Азия чемпионы!
Сондай-ақ, Семей қаласында қазақ күресінен әйелдер арасында Азия чемпионаты болып өтті. Бұл жарыста Опабек Ибраевтің шәкірті, 75 келі салмақта боз кілемде белдескен Марина Мамонтова Азия чемпионы атанды.