ОСК сайлаушыларға үндеу жолдады
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына орай сайлаушыларға үндеу жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Егер сіз дауыс беру күніне 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз, онда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға құқығыңыз бар. Сіздің сайлаушылар тізімдерінде болуыңыз сайлауға қатысуға конституциялық құқығыңыздың кепілі болып саналады. Сайлаушылар тізімдерін жергілікті атқарушы органдар жасайды. Сіздің нақты сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңіз сайлаушылар тізіміне енгізу үшін негіз болып табылады. Сайлау учаскелерінің шекаралары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 2020 жылғы 5 қарашадан кешіктірілмей жарияланады», – делінген үндеуде.
Сонымен қатар ОСК әр сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы екендігіне назар аудартады.
«Егер сізге 2020 жылғы 10 желтоқсанға дейін сайлау күні тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігіңіз болмайтыны белгілі болған жағдайда, баратын жеріңіздегі әкімдікке сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз. Егер сіз тұрақты тіркелген жеріңізден тыс елді мекенде болсаңыз және тұрғылықты жеріңіз бойынша уақытша тіркелген болсаңыз, онда 2020 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірмей, сайлау күні дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен өзіңіз уақытша болатын жердегі әкімдікке жүгінуге құқылысыз. Құрметті сайлаушы! Құқықтық сауаттылық танытыңыз және өзіңіздің сайлау құқығыңызды іске асырыңыз! Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңды маңызды әрекеттерді уақтылы қабылдауыңыз қажет. 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап сізге өз сайлау учаскеңіздегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы мәліметтерді тексеру мүмкіндігі беріледі», – деп атап өтеді Орталық сайлау комиссиясынан.