Ержан БАЙТАНАЕВ: Мақсат – ұжымдық иммунитет қалыптастыру

Қауіпті вирусқа қарсы қаруымыз да, қалқанымыз да – вакцина. Халық жаппай инммундалған кезде ғана инфекцияның беті қайтуы мүмкін. Алайда екпеге күмәнмен қарайтын адамдар әлі көп. Кері тартқанды бері тартып, антиваксерлерге қарсы ақпараттандыру жұмыстарын күшейту керек-ақ. Таяуда Қостанай облысына келген «Елім үшін егілемін» республикалық азаматтық штабы өкілдерінің мақсаты да сол – халыққа вакцина алудың пайдасы туралы егжей-тегжейлі мәлімет беру, үгіт-насихат жүргізу. Штаб мүшелерінің жоспарлы жұмыстарынан соң ҚР Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевты сұқбатқа тарттық.– Халықты вакцинаға қарсы үгіттейтін "жанашырлар" көбейді. "Екпе алсаң да, алмасаң да індет жұғады, не пайдасы бар?" дейтіндерге не айтасыз? Жалпы, вакциналанған соң ауырған адам мен егілмей науқастанғандардың айырмашылықтары қандай?
-Әлеуметтік желілерде қаңқу сөз көп. Күн сайын бір "ертегі" ойлап тауып отырады. Өкініштісі сол, көптеген азамат сол дақпырттарға сенеді. Пандемия басталғалы күндіз-түні дамыл көрмей жұмыс істеп жүрген біздің айтқанымызды жаудың сөзіндей көреді. Ал халықты екпе алуға қарсы үгіттеп жүрген антиваксерлердің арасында үн-түнсіз вакцина қабылдап алғандар бар екенін білесіз бе? Олардың нені көксейтінін ұқпай дал боласың. Кейде осылардың ретті-ретсіз шабуылдарынан шаршайсың, төзімің таусылады. Екпеге қарсы топтың Денсаулық сақтау министрлігі ғимаратының алдына жиналған кездері болды. Жауап беруге вице-министрмен мен де шықтым. Олар аналар қауымы еді. Жауап беруге, түсіндіруге, дәлелдеуге тырыстық. Тыңдамақ түгіл, естігілері келген жоқ. Жағамызды жыртуға дейін барды. Араларынан әрең сытылып шыққаным әлі есімде… Әлдеқандай брифинг, тікелей эфир барысында да бүкіл жұмысыңды әп-сәтте табан асты ете салатын азаматтар кездеседі. Жүйке әбден жұқарып, жұмыстан шығуға арыз жазуға оқталған кездерім де болды. Бірақ кейін "біздей ерлер болмаса, кімдер барар бұл іске?" деп өзімізді жігерлендірдік… Ал, енді, вакцина алған және алмаған адамдардың кеселге төтеп беруі –екі бөлек жағдай. Мәселен, кеше (13 қыркүйектегі дерек – авт.) елде 2800-ден астам адам індетке шалдықты. Соның 98%-і – екпе алмағандар. Осыдан-ақ көп жайды аңғаруға болады. Сосын, "вакцина алған адам енді мүлдем ауырмайды" деген үлкен бір жаңсақ пікір бар. Білесіздер ғой, кез келген бала дүниеге келген кезде перзентханада екі екпе салынады. Туберкулезге және басқа да ауруға қарсы екпе. Бұл ол баланың мүлдем ауырмайтынына кепіл емес қой. Не болмаса біз жыл сайын тұмауға қарсы вакцина аламыз. Ол да жыл бойы тұмаумен ауырмайтынымызды білдірмейді. Біз науқастануымыз мүмкін, бірақ оның залалы әлдеқайда аз, ауруды еңсеруіміз оңайырақ болады. Коронавирусқа қарсы вакцина да солай. Оның мінсіздігіне ұжымдық иммунитет қалыптасқан жағдайда ғана 100% кепілдік беруге болады. Сол кезде ғана "вирусты жеңдік, вакцина өз тиімділігін көрсетті" дей аламыз. Әр вакцинаның өзінің ықпалдылық үлесі бар. Айталық, ресейлік "Спутник V" вакцинасы 92% тиімділігін көрсетсе, отандық  "QazVac"-тың қуаты 96%-ға тең. "Синофармның" әсер ету деңгейі 70% екені анықталған. Бірақ бұл вакциналардың бірі екіншісінен нашар деген сөз емес. Осы аталғандардың кез келгенімен егілуге болады. Барлығы да адам өмірін вирус қаупінен қорғауға қауһарлы. Тіпті екпеден соң ауырып қалған күннің өзінде адамды жасанды тыныс алу аппаратына таңылудан, ақыр соңы өлім қаупінен қалқалайды. Сондай-ақ, антиваксерлер жиі айтатындай, вакцина денсаулыққа кері әсерін тигізеді деген сөз де бекер. Қараңыз, ковидпен ауырып тұрған адамда постковидтік синдром пайда болады. Ұзақ уақыт бүйрегі ауырады, басқа да ағза мүшелерінің сырқаты мазалайды. Адам бойындағы бұрынғы ауруы қайта қозып, жыл бойы титықтатуы мүмкін. Коронавиуспен ауырудың қаншалықты зиян екенін осыдан-ақ түсіне беріңіз. Ал вакцина қабылдағаннан ондай кері әсерлер болмайды. Тағы бір айтарым, екпе алуға ешкімді мәжбүрлеп, міндеттеп жатқан жоқпыз. Денсаулық сақтау заңының 77-бабына сәйкес,  бәрі жазба түріндегі келісім бойынша іске асады. Егер адам егілуге қарсы болса, қалауы білсін, егілмей-ақ қойсын. Бірақ жұмысқа шығуына тыйым салынады. Ал жұмыстан шет қалмау үшін әр 7 жеті күн сайын ақылы ПЦР-тесттен өтіп отыруы тиіс. Таңдау еркіңізде… Қоғамда егілуге ниетті, бірақ оларға денсаулығына байланысты вакцина қабылдауға тыйым салынған адамдар да бар. Ал осы санаттағы адамдар дертке ұшыраса, аса жайсыз жағдайға тап болар едік. Індеттің қайта таралуына себепкер болулары мүмкін. Оларды қалай қорғауға болады? Оларды қорғау үшін өзіміз екпе қабылдауымыз керек. Бір мысал айтайын, егер он адам екпе қабылдасақ, арамызда вакциналанбаған екі адам жүрсе, біз оларды өз иммунитетімізбен қорғай аламыз. Көрдіңіз бе, біз осыны әр тұрғынның жетесіне жеткізуді көздейміз. Осы тұста айта кету керек, "Елім үшін егілемін" тобы құрылғалы біздің қатарымызға қосылуға тілек білдірген азаматтар қатары көбейіп келеді. Батыс Қазақстанның 4 облысында болдық. Енді, міне, Қостанайға келіп отырмыз. Бізге қолдау көрсетуші жандарды көріп мерейіміз өседі. "Қарапайым халық мемлекеттік органдардың үндеуіне құлақ аспаса, үгіт-насихат жұмыстарына біз де жәрдемімізді тигізейік" деп, тобымызды толықтырып жатыр. Осылайша, біз елдің әр аймағын аралап жүрміз. Күні кеше қостанайлықтармен өткен жиында да топқа қосылуға ниет танытқан азаматтарға тәнті болдым. Бұны елге деген жанашырлықтың, патриотизмнің нышаны деп ұғамын.
 – Коронавирус инфекциясына қарсы күресті қайткен күнде жеңіспен аяқтауымыз мүмкін? Қандай жорамал жасай аласыз?
Бұл жағдайдан шығар жалғыз жол – вакцина қабылдау.  Егер Қазақстанда 10 млн-дай адам екпе алса, барлығы қалыпқа келеді деген ықтималдық бар. Мен Президент тапсырмасымен құрылған МВК телеграмм арнасын жүргіземін. Жұмысым таңғы сағат 5-те басталады. Әр таң сайын вакцина алғандар, кесел жұқтырғандар, емделіп шыққандар статистикасын жариялаймын. Сөйтіп отырып, күн сайын "құдай-ау, екпе алғандар саны қашан 10 млнға жетер екен? Тезірек жетсек екен" деп тілейсің. Қайталап айтамын, ұжымдық иммунитет қалыптасқан кезде ғана індетті жеңіп шығуға мүмкіндік туар еді.
-Балалар мен жүкті әйелдерді вакциналау жоспарда бар ма? Халықтың бұл санаттары қашан және қандай вакцинамен егілуі мүмкін?
-Қазіргі таңда елімізде кәмелет жасқа толмаған балалар иммундалып жатқан жоқ. Өйткені бізде балаларға арналған вакцина жоқ. Әлемде 12 жастан бастап иммундауға рұқсат етілетін бір ғана вакцина бар, ол – америкалық "Pfizer" . Мәселен, Америкада бұл процесс сәтті жүзеге асып жатыр. Бүгінде ҚР ДСМ мен "Pfizer" компаниясы арасында келіссөздер жүргізілуде. Болжаммен, 4 тоқсанда осы вакцина елімізге жеткізіледі деп отырмыз.  Жоспар бойынша, бұл препаратпен жүкті әйелдер егіледі, өйткені біз бір екпемен екі  өмірді қорғауымыз керек. Сондай-ақ, 12 жастан асқан балаларды иммундаймыз. Балалар тек қана ата-анасының немесе асыраушысының келісімі бойынша егіледі. Олардың рұқсатынсыз ешқандай жеткіншекті вакциналауға қақымыз жоқ. Ата-аналарға ескертерім, егер екпе салдырудан бас тартсаңыз, ешкім сіздерді бұған міндеттемейді, еркіңізден тыс екпе жасатуға мәжбүрлемейді. Егер балаңыздың денсаулығын дерттен аулақ ұстағыңыз келсе, әрине, екпе салдыруға кеңес беріледі. Айта кету керек, қазір бізге балаларға арналған вакцинаны алдыртуды сұрап, хат жолдап жатқан азаматтар өте көп. Мұны да түсіну қиын емес, әр ата-ана баласының денсаулығы мен болашағына алаңдайды. Шынымен де, бала ағзасы бұл кеселді көтеруге қауқарсыз. Қазір жасанды тыныс алу аппаратына байлаулы жатқан балалар көп, хәлдері ауыр. Сондықтан екпе алу маңызын түсіну керек.
– Вакциналау бірінші балаларға жүргізіле ме, әлде жүкті әйелдерден бастала ма? Бұл жағы анықталды ма?
 -Қазіргі таңда мұның алгоритмі құрылып жатыр. Соған байланысты бірінші балалардың немесе жүкті әйелдердің егілетіні белгілі болады. Жас мөлшеріне, денсаулық жағдайына қарай вакциналау реттілігі де түзіледі. Жалпы, бұл мәселелердің егжей-тегжейі елге "Pfizer" вакцинасы әкелінген соң бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша белгіленеді деп ойлаймын. Қазір мұның бәрі пысықталу үстінде, зерттеліп жатыр. Оны жан-жақты талқылаудамыз. Бұл бір күнде шешімін таба қоятын мәселе емес. 
-Халықты екпе алуға ынталандыру, тұрғындар арасында түрлі ұтыс ойындарын ойнату, бағалы сыйлықтар үлестіру науқандарына қатысты қандай пікір айтасыз? Бұл қаншалықты қажет?
-Біріншіден, Үкімет, министрлік тарапынан бизнес өкілдеріне бұл жөнінде ешқандай тапсырма берілген жоқ. Бұл ерікті түрде жасалып жатқан қадамдар болса керек. Мен мұны маркетингтік тәсіл дер едім.  Бұл олардың құқығы. Тыйым салуға қақымыз жоқ. Екіншіден, вакциналауды негізге ала отырып, бір жағынан, сауда үйіне клиенттер тарту үшін де өткізуі мүмкін ғой. Олар да тұтынушыларының вакциналанғанын қалайды. Өйткені пандемия бизнеске өте ауыр соққы жасады. Тұтынушыларының көбейгенін, бұрынғыша табыс түсіруді әр кәсіпкер қалайды. Сондықтан түрлі айфондар мен автокөліктерді ұтыс ойынына тігіп, халыққа да, өздеріне де пайдалы амалдарға баруда. Мұның сыртында, мекеме-ұйымдар да өз қызметкерлеріне сыйақы, демалыс қарастырып жатса,  ол да өздерінің құқығы. Қайткен күнде де біздің мүдделесімізге айналып, халықты екпе алуға шақырып жатқандары үшін оларға алғыстармыз. Басқа елдерде де осындай тәжірибелер бар. Мәселен, АҚШ-та алғашқы кездерде вакцина алғандарға 100 мың доллардан берілген болатын. Сондықтан бұл қалыпты үрдіс. Бастысы, мемлекеттен бұл жөнінде тапсырма болған жоқ. Тек егілмеген қызметкерлердің жұмысқа шығуына тыйым салу пәрмені берілді. Бұл – халық қауіпсіздігін ойлаудан туындаған амал-шара. Вакциналанған адам өзінің, жақындарының және әріптестерінің денсаулығын сақтайтынын қаперден шығармауы керек. Солай ғана біз бірге қалыпты өмірге ораламыз.
– Сіз қостанайлық журналистермен өткен брифинг кезінде ауруханада індет меңдеп, өмір-өлім арасында арпалысып жатқан адамдардың халін көзбен көріп қайтқаныңызды айтқан едіңіз. Сонда алған әсеріңізді оқырмандарымызбен бөлісе аласыз ба?
 – Көзге жас келеді… Өлім аузында жатқан адамды өз көзіңмен көру оңай емес. Сай-сүйегің сырқырайды. Егде жастағы кісілердің қалай қиналып жатқанын көрдім. Ішімде бірдеңе үзіліп кеткендей, есеңгіреп шықтым. Өзімнің ата-анам үшін қорықтым. Мен әлі күнге дейін оларға күніне бірнеше рет қоңырау шалып, ешқайда шықпауларын ескертіп, қажет заттарын өзіміз апарып беретінімізді айтып отырамын. Ауруханалардағы жағдайды есту бөлек, сезу басқа, ал көзбен көру шынымен де оңайға тимейді. Теледидардан көрсетіліп жатқандары бергі жағы ғана. Стационарларда болып жатқан жағдайларды барып тұрған тозақ десем де артық емес шығар. Аза бойың қаза болады. Біз дәрігерлер туралы, олардың жұмыстары жайында жиі роликтер түсіріп жүрміз. Сол кездері олар сұрақтарымызға жауап беріп тұрып, көздеріне еріксіз жас алады. Өйткені оларға қандай бейнетті бастан кешіріп жүргенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін де емес. Бірақ, бір таңқалдыратыны, науқастар арасында қыңырлығын қоймайтын адамдар болады, өздері ауырып өлейін деп жатса да "бұл коронавирус емес, ол жоқ, жай ғана пневмония, мені үйге жіберіңдер" деуден танбайды. Сондай жандарды түсіну, оларға бірдеңені түсіндіру қиын. Екінші жағынан, кейбір антиваксерлер бейнероликтерді көрсеткенімізде әуелгі пікірлерін өзгертіп, бәрін түсініп, біздің мүдделесімізге айналды. Олар да вакцина алып, жұртты екпе қабылдауға үгіттей бастады. Ал енді бір антиваксерлерге бізбен бірге ауруханаларға еріп баруды ұсынсақ, олар: "Жоқ, қажеті жоқ. Сендер бәрін ойлап таптыңдар. Пневномиядан бұдан да көп адам қаза табады", – деп, бет бақтырмай қояды. Ғылымға емес, қауесетке сенетін жандарды жөнге шақыру оңай шаруа емес.
Қазір енді министрлік елдегі эпидахуал қалыпқа келе жатыр деп айтып отыр. Елде кереуеттердің 35%-і ғана бос емес. 57 стационар дәстүрлі режимге ауыстырылды. Олар басқа ауру түрлерін емдей бастады. Бірақ біз бәрібір жаңа штамдарға дайын болуымыз керек. Егер екпе қабылдамасақ, басқа қатерлермен бетпе-бет келуіміз мүмкін. Мәселен, қазіргі дельта штамымен қандай қиындықпен күресіп жатқанымызды көріп отырсыздар. Күн сайын елде 9 мың адамға дейін індет жұқтырған кездер болды. Тәулігіне 100-ден астам, 200-ге жуық науқас өмірмен қош айтысып жатты. Бұл – былтырғыға қарағанда биыл біздің медицина індетпен күреске толығымен дайын болғандағы жағдай. Жасыратыны жоқ, әлем жаңа штамдардың пайда болуынан қауіптеніп отыр. ДДҰ таяуда "иота", "лямбда" атты жаңа штамдардың қатер төндіріп тұрғанын айтты. Бұлар қазіргіден бірнеше есе қауіпті. Бұған шалдыққан адамның бес күннен аспай, ешқандай ем-домға қарамастан көз жұматынын айтады ғалымдар. Оған қалай төтеп бере аламыз? Әрине, жалғыз амал – вакцинация. Егер біз уақытылы екпе алудың орнына антиваксерлер жетегінде жүре берер болсақ, құдай бетін аулақ қылсын, адам шығынынан көз аша алмай қалуымыз ғажап емес. Ал халқымыздың саны онысыз да көп емес, біз секілді тұрғындары аз мемлекетке тиетін соққының зардабы ауырырақ сезіледі.
 – Вакциналаудан толық өткен адамдар екінші рет қанша уақыттан кейін екпе алуы мүмкін?
– Өте орынды сұрақ. Қазіргі уақытта көптеген ел, әсіресе вакцина шығарушы елдер ревакцинация мәселесін көтеріп жатыр. Мысалы, Ресей Федерациясы осыдан екі ай бұрын қайта вакциналау шараларын бастап кетті. Яғни жарты жыл өткеннен кейін халықты қайтадан иммундап жатыр. Бұл жолы бір компонентті екпе салынуда. Бүгінде біз РФ-мен келісімге келіп, "Спутник лайт" вакцинасын жарамды деп таптық. Осы жылдың аяғында немесе келесі жылдың басында ел азаматтарын ревакцинацинациядан өткізуді жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл үшін тек қана "Спутник лайт" емес, еліміздегі басқа да вакциналар іріктеліп, таңдалады. Оған "Pfizer" де қосылатынын айта кету керек.
– Вакцина алғаны туралы куәлікті сатып ала салатын адамдар да аз емес қоғамда. "Бастысы, базада тіркеулімін" деп емін-еркін жүрген азаматтардың шын мәнінде екпе қабылдамағаны қалай анықталады? Осындай "бармақ басты, көз қысты" әрекеттерді тыю үшін қандай амалдар жасалуда?
– Ия, мұндай деректер аз кездескен жоқ. Вакциналау паспорттарын сатумен айналысқан медицина қызметкерлері бар. Осыған байланысты қазіргі уақытта құқыққорғау органдары жиі-жиі тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Заңсыздықпен ұсталған дәрігерлердің ұсталғаны туралы ақпараттар өздеріңізге де мәлім шығар. Оны сатып алған азаматтар да жазадан құтылып жатқан жоқ. Біз ведомствоаралық комиссияға мынадай ұсыныс дайындап отырмыз: егер вакцина куәлігін сатып алған азамат өз кінәсін мойындай келіп, екпе қабылдайтын болса, жауапкершіліктен босатып, вакцина алуына жол ашу керек. Дұрыс таңдау жасауына екінші мүмкіндік беру қажет. Бұл рақымшылық ұсынысын біз комиссияға алдағы аптада жолдаймыз. Оңды шешім қабылданып жатса, ел азаматтарына хабарландыру жариялаймыз. Ереже бұзушыларға өз еріктерімен айыптарын мойындап, емханаға келіп шынайы екпе алуына болады. Рақымшылық мерзімі де шектеулі. Ал, әзірше, мұндай заңбұзушылыққа барғандар қатаң түрде жазалануда.
 – Отандық вакцинаның әлеуеті туралы айтсаңыз. QazVac-тың штамдық құрамы өзгерді ме? Өндіріс көлемін ұлғайту жоспары бар ма?
–  QazVac – Қазақстанның мақтанышы. Өйткені біз әлемде өз вакцинасын өндіріп шығарған санаулы мемлекеттердің біріміз. Оның үстіне, вакцинамыздың тиімділігі өте жоғары болып шықты. 96% ықпалдылықты көрсеткен вакцина көп емес жаһанда. Бүгінгі таңда оның құрамын дельта штамына лайықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, QazVac Жамбыл облысының Отар кентінде өндіріледі. Онда Президент тапсырмасымен алпауыт зауыт қысқа мерзімде салынды. Ол GMP стандарттарына сәйкес келеді. Мұнда жұмыскерлерге үй де салынған. Барлық жағдай жасалулы. Елдің білікті мамандары да осы кәсіпорынға жиылуда. Жайлы тұрмыс, сайлы еңбекақы – алаңсыз жұмыс істеуге барлық мүмкіндік жасалған. Айтқандай, мұның сыртында, отандық вакцинаны өндіретін екінші зауыт та салынып бітті. "Антиген" өндіріс орны Алматы қаласынан орын тепті. Таяу арада Қазақстан ешкімнің вакцинасына тәуелсіз  елдің біріне айналады. Өз нарығын ғана қамтып қоймай, сырттың сұранысын да қанағаттандыратын, әлем  елдері QazVac -қа қол жеткізуге кезекке тұратын күн алыс емес деп сенемін.
-Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рахмет!
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

1 Response

  1. Нышанали айтты:

    Сұқбатта айтылған жайлар орынды.Иə, қандайда бір сырқат болмасын оның алдын алу – сырқатанудан сақтанудың бірден бір жолы.Алайда өкінішке орай арамызда кертартпа пікірлер тудырып, елді əуре сарсаңға салатындар, екіұдай пікірлер тудыратындар, үрей мен қорқыныш туғызатындар жиі кездесіп қалуда.Меніңше аталмыш сұқбаттаебұл мəселеге жəне вакуина салдырудың маңыздылығына нақты жəне орынды жауап берілген деп есептеймін. Əсіресе, халқымызды тəжтажалдан сақтаудағы вакцинаның үлесі ерекше.Бұл бағытта отандық өнімнің алар орны айрықша.Жан жақты зерттеліп, ғалымдарымыздың ерен еңбегінің нəтижесінде жасалған QazVak – ұлттық мақтанышымыз. Ендеше ұлтымыздың, халқымыздың маулығы жолында өз өнімімізді қолданацық.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓